Дархан Жазықбай мемлекеттік қызметтің жаңа үлгісін қалыптастыруға белсенді қатысуға шақырды

Дархан Жазықбай мемлекеттік қызметтің жаңа үлгісін қалыптастыруға белсенді қатысуға шақырды
Фото: Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Көлік, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктері қызметшілерімен мемлекеттік қызметті дамыту бағыттары мен алдағы басым міндеттерін талқылауға арналған кездесу өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуде Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысында айқындаған бағдарлары аясында мемлекеттік сектордағы ұйымдастырушылық мәдениетті жаңғырту мәселелері қаралды. Аталған өзгерістер мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға және қоғам сенімін нығайтуға арналған.

Дархан Жазықбай мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, адамға бағдарланған сервистік аппаратты қалыптастыру және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру ведомствоның басымдықтары екенін атап өтті. Сондай-ақ «Заң мен тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Адал азамат» қағидаттарын орнықтыру Әділетті Қазақстанды қалыптастырудың институционалдық негізі ретінде белгіленді.

Кездесу барысында мемлекеттік қызметтің гибридті моделін енгізу, жеке және квазимемлекеттік сектордан кәсіби кадрларды тарту, сондай-ақ «Е-қызмет» цифрлық іріктеу жүйесі арқылы ашықтық пен меритократияны күшейту жөніндегі шаралар таныстырылды.

Қорытындылай келе, агенттік төрағасы Дархан Жазықбай мемлекеттік қызметші кәсіби, жауапты және қоғам сеніміне ие тұлға болуы тиіс екенін атап өтіп, ашық, әділ және адамға бағдарланған мемлекеттік қызметтің жаңа үлгісін қалыптастыруға белсенді қатысуға шақырды.

Еске сала кетсек, отандық тауар өндірушілерімен жасалған келісімшарттар көлемі 23%-ға артты.