Цифрландыру және ЖИ жылы: ЖИ технологиясы компаниялардың өнімділігін 20-40%-ға арттырады
Жасанды интеллектіні енгізу жеделдеп, оның бизнес өнімділігіне ықпалы өсе түскен шақта ЖИ саласында терең құзыреті бар кадрларды даярлау ерекше маңызға ие болып отыр. Бұл туралы KPMG-нің Орталық Азия мен Кавказ елдеріндегі басқарушы серіктесі Сәкен Жұмашев мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оның айтуынша, жасанды интеллектіні белсенді қолданатын компаниялар деректерді сапалы талдау және басқару шешімін қабылдау арқылы анағұрлым артықшылыққа ие болады.
«Егер біз жасанды интеллект қолданатын компанияларды қарастыратын болсақ, онда олар бүгінгі күні басқа ұйымдарға қарағанда 20-40% өнімді жұмыс істеуде. Олар компания ішіндегі жағдайға жан-жақты қарап, сол арқылы бизнес үшін дұрыс data-driven шешімдерін әзірлей алады», - деп атап өтті Сәкен Жұмашев.
Ол ЖИ-мен жұмыс істеудің advanced-дағдыларын дамыту және озық халықаралық тәжірибелерді енгізу Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі шарттары екенін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Қазақстандағы Цифрландыру және ЖИ жылы деп жариялады. Елімізде жасанды интеллект технологияларын экономиканың негізгі салаларына енгізуге бағытталған шаралар жүзеге асырылып жатыр.
Еске салсақ, Премьер-министр Олжас Бектенов ҚР Президенті жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысын өткізді.