Чемпиондар лигасынан – әлем чемпионатына!

Чемпиондар лигасынан – әлем чемпионатына!
Фото: uefa.com

Elordainfo.kz сайтының шолушысы, спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлы футболдан Чемпиондар лигасының ойындарына шолу жасады.

...Қызық! Бүкіл әлем дүрлігіп, футболдан Чемпиондар лигасының әр ойынын үзбей және үздіге жаздап көріп жүрсе, ол ойындарға көз қиығын тастамайтындар да бар екен! Және олар қойшылар мен балықшылардың арасында да емес, осы өзіміз бүкіл ғұмырымызды арнаған спорт өнерінің пұшпағын илеушілердің ішінде...

Былтыр-биылғы болған Чемпиондар лигасының кезекті бір емес, екі кездесуін түнімен көріп, ертеңіне жолыға қалғанда сондай бір досым: «Несіп, сенің көзің қызарып кетіпті, ауырып қалғансың ба, дәрігерге берсаңшы!» деді шын жанашырлық танытып. Рақмет айттым да «менің дәрігерім... бүгін түнде тағы «келеді», футбол ғой, енді екі түн көремін, сосын 13-15 күн үзіліс, жазылып кетемін...» дедім күліп. «Мә, сонда сен түнімен отырып, әлгі футболға телміресің бе? Әй, досым-ау, жасың сексен қайдасың деп тартып барады, одан да ерте жатып, ұйқыны қандырмайсың ба?!» деді шындап. Ештеме деген жоқпын. Футболдың адамды арбайтын сиқырын сезінбеген жан, сенің ол жайлы сан себебіңді де құлағына ілмейді. Оған күні ертең, жаз шыға, Мексика – АҚШ – Канадада өтетін футболдан әлем чемпионатына баруға талпынып, ресми журналистік жолдама алғалы жүргенімді айтқан жоқпын.

Жақында ФИФА мені әлем чемпионатына баратын әлем журналистері қатарын қосты. Енді Трамп тоқпақтағалы жатқан Иранмен соғыстан аман болсақ, Мексикадағы елішілік бүлік басылса, әлем чемпионатына берілетін қарғыбау біздің мойынға да ілініп қалар. Ә, Трамп патшаның Қазақстандағы кеңсесі еліне кіруге әлгі виза деген алақандай қағазын қиса...

...Сонымен Чемпиондар лигасының 1\8 финалы басталмақ. Ол жарыста өнер көрсететін 8 команда сонау күз бен қыста өткен сегіз ойындық іріктеуде үздік шығып, солықтарын әбден басып алып, қолдарына қай команда түсетінін алақандарына түкіріп күтіп отырған. Ол сегіздік мынау: «Арсенал», «Бавария», «Ливерпуль», «Барселона», «Тоттенхем», «Челси», «Спортинг», «Манчестер сити». Бұл командалардың елі мен қаласын хабарламаймын. Оны білмейтін футбол жанкүйері жоқ, ал егер бола қалса, ол ақпараттарды шайнап бергенмен пайда жоқ.

Бұл сегіздікке әуелгі, ішінде біздің «Қайрат» та бар, ойнап-ойнап, 9-24 орындарға ілінген 16 команда екі рет сүзісіп, аман қалған тағы бір сегіздік қосылды. Ол сегіздік мынау: ПСЖ, «Галатасарай», «Реал», «Аталанта», «Ньюкасл», «Атлетико», «Буде-Глимт», «Байер Л».

Бұл сегіздік, шынын айтсақ, от пен оқтың арасынан шығып, іріктелді. Ол ойындарда қызық та, шыжық та болмай қалған жоқ. Тіпті, жер бауырлаған айды аспанға бір-ақ атқан командалар болды. Оның бірегейі – «Буде-Глимт»!  

Норвегия деген қысы-жазы қар мен мұзға оранып жататын елден осындай команда шығып, шығып қана қоймай, өткеннен өткен Чемпиондар лигасының финалында ойнаған азуын айға білеген Италияның «Интерінің» аузын өз алаңында да, сырт алаңда да қып-қызыл қан қылып бұзып жібереді деген сәуегей табылғанда, ол жаннан елдің бәрі «мынаның миы ауысқан!» деп көш жерден қашар еді. Сол «Буде-Глимт» деген аты да футбол добына мүлдем ұқсамайтын команда «Интерді» өз алаңында 3:1 етіп ойрандаса, Миландағы «Сан-Сиро» стадионына өздері шыққан қала тұрғындары түп-түгел, тайлы-тұяғымен сыйып кететініне қарамай, Интерді тағы да 1:2 есебімен нокаутқа жіберді!

Ал, «Ойна қызыл арақпен!». Бұл жүгіртпе жолды кезінде ауыл-ауылда ақ арақ ішпейтін бір ағамыз, тойда қызыл арақты суша сіміргені сонша, тойдың соңына жете алмай... көлденеңінен қайтыпты үйіне. Ертеңіне, «Өй, сен біз ақ арақты сіміріп отырғанда, тек қызыл іштің ғой, неғып бірінші қисайып қалдың?» деп келекелейді ғой. Сонда ол ағамыз: «ақ іштім, ақ іштім дейсің, қызыл ішіп көр. Іш, іш қызылдан... Ойна қызыл арақпен!» деген екен.

...Әрине, жастарға үлгі болмасын, бірақ қазақ ауылын нағыз қанық бояуымен көрген ұрпақтың соңы болмаса да соңғыларының бірі біз болармыз. Бұл әңгімелерді де сол қанық бояулы қазақ ауылын сағынғаннан айтамыз: сонда жоғарыдағы ағаларымыз қызыл арақты (шарап, вино) мансап үшін ішпейді. Сол отырыс болсын, той болсын, бой қыздырып, көңілді отыру үшін, өзгелерге ұқсап ақ арақтан мас болып қалмау үшін ішетін еді. Аталас ағам Рахымберлі, нағашы ағам Әрінбай, өз ағам Жапарбек, тағы толып жатқан ағаларымыз сондай болатын. Дастарханға арақ, коньяк тобымен келсе де, өз жамбастарына бір литрлік қызылды (ол кезде қызыл арақтар литрлеп шығатын. – Н.Ж.) басып алып, соны сораптайтын да отыратын. Ой, заман-ай!

Сол шарабың – «Буде-Глимт» болды бұл жолғы Чемпиондар лигасында. Ол команда алғашқы 24-ке ілініп кеткенде, «шіркін, мыналар бізге түссе-ау, бір шайнап, екі жұтатын, жоқ, екі шайнап, бір жұтатын» деп аузынан суы құрыған команда көп болды. «Буде-Глимтті» ешкім футболға қатысы бар команда деп есептеген жоқ. Оған қарағанда біздің «Қайрат» деген атау аталса, ар жағынан футболдың исі шығып тұрғандай сезілетін. Бізге солай ма... «Будемен» бірге күтпеген жерден шыңға шығып кеткен команда «Галатасарай»! Әрине түрік футбол жанкүйерлері бұл пікірімізге шамданып қалуы мүмкін. Дегенмен екі ойында Туриннің «Ювентусын» жолда қалдырып кету – футболдағы ерлік!

...Осы жерде Италияның А сериясындағы командалардың дәл осы Чемпиондар лигасы өтіп жатқан 2025-2026 маусымдағы қарқындарының баяулығын мойындау керек. Әлем футбол көшін Испания, Англия, Германия, Франция, Италиялар бастап келеді деп айтамыз. Ал, мына 16 команданың қатарында Англиядан алты команда болса, Италиядан жалғыз «Аталанта» ғана ілігіп, абыройды жапты. Тіпті Италияның ұлттық құрамасының жағдайы да бұрынғыдай емес. Төрт рет әлем чемпионы, екі рет Еуропа чемпионы атанған, құрамында Мальдини, Бареза, Канноваро, Бергоми, Буффон, Дзофф, Баджо, Пирло, Росси, Тотти, Дель Пьеро, Рива... және басқа да «жұлдыздар» ойнаған команда соңғы екі әлем чемпионатының финалдық кезеңіне шыға алмай масқара болды. Енді мына алдағы әлем чемпионатына да олар қосымша матч өткізу арқылы ғана шыға алмақ.  

...Жарайды, Чемпиондар лигасы бұл ойымызға тамызық болғанымен, футболдың әлемдік дамуына баға беретін жарыс емес. Ол баға, аманшылық болып, тамыз бен шілдеде үш елдің футбол алаңдарында жұмыр жердің біріншілігі өте қалса, ешкім сұрамай-ақ берілер. Енді осы жылға таяу уақыт өткен жекпе-жектерден кейін 1\8 финалда кездесетін командаларды мұрынынан тізейік: ПСЖ – «Челси», «Галатасарай» – «Ливерпуль», «Реал» – «Манчестер сити», «Аталанта» – «Бавария», «Ньюкасл» – «Барселона», «Атлетико» – «Тотенхем», «Буде-Глимт» – «Спортинг», «Байер» – «Арсенал».

Аман болса, 1\4 финалда іргелес тұрған командалардың жеңімпаздары бір-бірімен ойнайды. Финалда алғашқы 8 команданың үздік шыққаны соңғы 8 команданың серкесімен кездеседі. Бұл тізбеден көріп тұрғандай, алдын ала «финалыңыз» «Реал» мен «Манчестер ситидің» арасында өтіп кетеді-ау деген де қауіп бар. Бұл екі қошқардың бірі солығын енді баса бергенде, оларды «Аталантаны» ұтып алып (менің өз жобалауым. – Н.Ж.) немістің «Бавариясы» күтіп тұратын шығар. Өз басым «Буде-Глимттің» ойынын асыға күтемін. Жоқ, олар Чемпиондар лигасын ұтып ала қоймас. Бірақ «Интерді» жолда қалдырған командаға бір жақтағы «Спортинг» немене тәйірі?! Дегенмен, доп домалақ, қай қақпаға қарай дәл тепсең сол қақпаға ене береді. Мұндай жарыс та сонысымен қызық. Амандық болса, 11-12 наурыз бен арада тағы бір апта өткенде бұл шекелесулер де шешілер. Сол кезде қалған 8 команданың бересісі мен аласысын салмақтап көрерміз.

...Бүгін өзі ауыр күн болды. Әмрика мен оларды айтақтаушы Израиль деген қанға тоймайтын ел екі жақтап Иранды бомбылап жатыр. Иран не болады, оны қоршаған көрші елдер не болады, ал басқа елге тонналап бомба лақтырып жатқан елде футболдан әлем чемпионаты қалай өтеді – оның бәрін ой елегінен өткізуге мендегі қушық бас жарамай жатыр. Доп лақтыратын жерге бомба лақтырған елдерді шынымен-ақ түсінбедім. Оны түсінген жан болса, түсіндірерсіздер!!!