Былтыр жер қойнауын пайдаланушылар ғылыми зерттеуге 8,9 млрд теңге бағыттады
Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаровтың және бейінді департаменттер өкілдерінің қатысуымен Энергетика министрлігінде Қоғамдық кеңестің отырысы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Жиында жер қойнауын пайдаланушылар өндіруге жұмсалатын шығындардың 1 пайызын ғылыми зерттеуге бөлу жөніндегі міндеттеменің орындалуына ерекше назар аударылды. Бүгінде елімізде жер қойнауын пайдалануға арналған 320 келісімшарт қолданыста, оның 291-і қаржыландыру міндеттемесіне ие.
«Олардың ішінде 44 келісімшартта ғылымды қаржыландыру келісімшарт қызметі бойынша жиынтық жылдық табыстан қарастырылған, ал 247 келісімшарт үлгілік келісімшарт негізінде жасалып, өткен жылдың қорытындысы бойынша өндіруге жұмсалған нақты шығындардың 1%-ын аударуды көздейді. Ұсынылған деректерге сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша ғылыми зерттеуге 8,9 млрд теңге бағытталған», делінген хабарламада.
Қаржыландыру көлемі бойынша «Қаражанбасмұнай», «Қожан» және «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниялары көшбасшылар қатарында.
Бұдан былай ғылымды қаржыландыру мемлекеттік бюджеттің арнайы түсімдері санатына жатқызылды. 2026 жылғы ақпанда күшіне енген жаңа қағидалар бұл аударымдарды толық орталықтандыруды көздейді. Енді қаржыландырылатын жобалар Энергетика министрлігінің Ғылыми-техникалық кеңесі бекітетін басым бағыттарға сәйкес болуы тиіс, ал оларды іске асыру Ғылым комитетінің рәсімдері арқылы бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру қағидаты негізінде жүзеге асырылады.
Сондай-ақ отырыс барысында тараптар мұнай-газ саласындағы деректердің ашықтығын қамтамасыз етуге және ресурстарды басқару тиімділігін арттыруға бағытталған цифрлық егіздерді енгізу барысын талқылады.
Еске сала кетсек, Қазақстан әлемдік білім беру рейтингінде 18-орында тұр.