Бұл референдум мемлекетіміздің дамуына жаңа серпін береді – Зұлфухар Ғайыпов
Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, ҚР Ұлттық құрылтай мүшесі, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Зұлфухар Ғайыпов референдумға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Бүгін, 11 ақпанда Конституциялық реформа жөніндегі комиссия өзінің ХІІ соңғы отырысын өткізді. Отырыс нәтижесінде комиссия жаңа Конституцияның жобасын толық мақұлдап, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа референдум өткізу үшін шешім қабылдауға жолдады.
Комиссия төрағасы мен оның орынбасарын қабылдаған Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткiзу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл референдум мемлекетіміздің дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз. Ендігі жерде отандастарымызға 15 наурызда өз таңдау құқығы беріліп отыр. Сондықтан да осындай елдік мәселе таразыға түсіп жатқанда ешкім шет қалмай, бірлігіміз бен парасаттылығымызды танытайық, ардақты ағайын», - деді Зұлфухар Ғайыпов.
Бұған дейін заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Астана қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Есберген Алаухановтың ел үшін маңызды референдумды қолдайтынын жаздық.