Біз тұтас қоғам болып, балаларға қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруымыз керек – Президент
Мемлекет басшысы өскелең ұрпақты табиғатты қорғауға тәрбиелеу, жастардың құқықтық сауатын арттыру және тәрбие ісіне қоғамның барлық мүшесін тарту маңызды екенін, сондай-ақ балаларға қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру тек мектептің емес, тұтас қоғамның міндеті екенін айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.
«Сондай-ақ өскелең ұрпақты табиғатқа қамқор болуға тәрбиелеу қажет. Мен бұған дейін мектептер мен жоғары оқу орындарына экологиялық ағарту саласының бірыңғай стандарттарын енгізу қажеттігі жөнінде айттым. Үкімет бұл жұмысты жыл соңына дейін аяқтауға тиіс. Сонымен қатар «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының қолданыс аясын кеңейте түсу керек. Қазір бұл бағдарлама, негізінен, орта білім саласында ғана жүзеге асырылып жатыр. Ұрпақ тәрбиесі – ел тағдырына тікелей әсер ететін аса маңызды міндет. Дегенмен осы мәселеге келгенде барлық жауапкершілікті тек мектептерге артып қою дұрыс емес. Біз тұтас қоғам болып, балаларға қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруымыз керек. Ең маңызды мақсат: Конституцияның негізгі қағидаттары ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі болуға тиіс. Жастарымыз Конституцияны жақсы білуі қажет. Сонда ғана қоғамымыз өркениетті, білімді, ұқыпты, ал еліміз өте дамыған әрі озық болатынына күмән жоқ», – деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың психологиялық саулығын сақтау туралы пікір білдірген еді.