Биыл өмірге келген сәбилерге ең жиі қойылған есімдер анықталды
Ұлттық статистика бюросы 2025 жылы Қазақстанда нәрестелерге ең жиі қойылған есімдерді жариялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«2025 жылы ұлдар арасында Мұхаммед, Алихан, Айсұлтан, Омар және Алдияр есімдері ең танымал болды. Өткен жылмен салыстырғанда ұлдарға қойылған танымал есімдер тізімі өзгеріссіз қалды. Аймақтық тұрғыдан алғанда, ұлдарға ең жиі қойылған есімдер Мұхаммед пен Алан.
2025 жылы дүниеге келген қыздарға көбіне Айлин, Асылым, Медина, Айша және Томирис есімдері берілген. Аймақтарды алып қарасақ, Айлин есімі ең танымал болып шықты, 20 аймақтың 16-сында осы есім ең танымал болған. Биылғы қыздар есімдері арасында да алғашқы бестік былтырғы тізіммен бірдей болып шықты», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, осы жылы орыс ұлтының өкілдері арасында ең танымал есімдер Ева мен Мирон болса, өзбек ұлтының өкілдері арасында Мухаммад пен Хадича есімдері тізім басында тұр.
Белгілі уақыт аралығында аймақ, ұлт, жыныс бойынша танымал болған есімдерді Бюроның «Танымал есімдер» сервисі арқылы білуге болады.
Бұған дейін Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні еліміздің медициналық ұйымдарында 725 сәби, оның ішінде 7 егіз дүниеге келгенін жазған болатынбыз.