Сенатор жеткізу және такси саласында жұмыс істейтін азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуді ұсынды
Сенатор Бибигүл Жексенбай платформалық жұмыспен қамтуды құқықтық реттеу және цифрлық сервистер арқылы жұмыс істейтін азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелерін көтерді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Депутат өз сауалында соңғы жылдары Қазақстанда онлайн-платформалар арқылы, әсіресе, жеткізу және жолаушылар тасымалы саласында жұмыспен қамту қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сарапшылардың бағалауынша, 394 мыңға жуық азамат цифрлық сервистер арқылы табыс тауып отыр, ал интернет-платформаларды орындаушылардың жалпы саны көбейе түсуде.
Сауалда платформалық орындаушыларда негізгі еңбек кепілдіктерінің жоқтығына, оның ішінде табыстың тұрақсыздығына, сақтандырудың болмауына, дауларды шешудің ашық тетіктері мен платформалар тарапынан қабылданатын біржақты шешімдерден қорғаудың жоқтығына ерекше назар аударылды. Осыған байланысты, депутат атап өткендей, халықаралық тәжірибе бұл саланы жүйелі реттеуге көшу қажеттігін көрсетіп отыр.
«Цифрлық және салықтық инфрақұрылымды реттеу бойынша мемлекеттік жүйелер мен платформалар арасындағы интеграцияны ретке келтіріп, ақпараттық қателіктерден туындаған барлық негізсіз берешектер мен өсімпұлдарды автоматты түрде жою тетігін енгізуді қарастыру керек. Салықтық жүктемені жеңілдету үшін әлеуметтік төлемдерді есептеу кезінде шығындарды, яғни жанармай, көлік жөндеуді шегеріп тастау әдістемесін де қарастыруды ойластыру керек. Құқықтық мәртебе және тарифтік кепілдіктер бағытында платформалық жұмыстың ерекшеліктерін ескеретін жеке заңнамалық акт әзірлеуді, онда «тәуелсіз қызметкер» мәртебесін бекітіп, ең төменгі сағаттық төлем стандарттарын енгізуді қарастыру керек. Орындаушыларды жұмыс кезіндегі жазатайым оқиғалардан, жол-көлік оқиғасынан, жарақат және т.б. міндетті ұжымдық сақтандыру платформаларымен бірлесе жолдарын қарастыру керек. Платформаларды тапсырыс бөлу принциптерін ашуға және аккаунттарды бұғаттау шешімдерін адамның қатысуымен қайта қарауға мүмкіндіктерді қарастыру керек», - деп атап өтті сенатор.
Сөз соңында сенатор бұл салада жүйелі заңнамалық шараларды әзірлеу еңбек нарығының ашықтығын арттыруға, азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге және елдегі платформалық экономиканың тұрақты дамуына жағдай жасауға мүмкіндік беретінін баса айтты.
Еске салсақ, бұған дейін Бибігүл Жексенбай азаматтардың алаяқтардан қорғану мүмкіндігінің аздығы мен жекелеген мемлекеттік органдардың енжар көзқарасы туралы депутаттық сауал жолдаған болатын.