Астаналық жас өнерпаздар Республика күніне арнап бейнежоба әзірледі

Бүгін, 10:08
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астаналық жас өнерпаздар Республика күніне арнап бейнежоба әзірледі
Фото: Астана қаласы Білім басқармасы

Астанадағы №2 Өнер мектебінің оқушылары Республика күніне орай «Біздің үн – Отан» атты шығармашылық бейнежоба әзірледі. Жоба Отанға деген сүйіспеншілікті арттыруға, ұлттық өнерді дәріптеуге және ел бірлігін насихаттауға бағытталған, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Білім басқармасына сілтеме жасап.

Шығармашылық бастама Астана қаласы «Есіл» ауданы әкімінің аппараты мен қалалық Білім басқармасының қолдауымен іске асырылды.

Бейнежобаның көркемдік желісінде домбыра сыныбында оқитын украин және орыс ұлтының екі оқушысы арасындағы Отан туралы диалог көрініс тапқан.

Жасөспірімдер ортақ шаңырақтың қадірі, туған жерге деген құрмет және Қазақстанда өмір сүретін түрлі этнос өкілдерін біріктіретін ортақ құндылықтар туралы ой қозғайды.

Жобаның музыкалық бөлігінде №2 Өнер мектебінің 100-ден астам домбырашы оқушысы қазақ халқының ұлттық рухын, болмысы мен елдік мұратын айшықтайтын «Ер Тұран» күйін орындайды. Күйдің күмбірлеген үні арқылы жас өнерпаздар халқымыздың бай музыкалық мұрасын ұлықтап, ұлттық өнердің құдіретін көрсетеді.

Сонымен қатар 20-ға жуық жас суретші өз шығармалары арқылы Қазақстанға деген сүйіспеншілігін білдіреді. Олардың туындыларында еліміздің көркем табиғаты, туған жердің сұлулығы, бейбіт өмір және жарқын болашаққа деген сенім бейнеленген.

Еске сала кетейік, Республика күніне орай астаналық оқушылар «Атамекен» әнін орындады.