Бибігүл Жексенбай Президент сұхбатында белгіленген көлік саясатының негізгі бағыттарын зауыт ұжымымен талқылады
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай «Ақмола вагон жөндеу зауыты» АҚ ұжымымен кездесті, деп хабарлады Elordainfo.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сенатор жүздесу барысында металлургия және механикалық құрастыру өндірісі, вагондарға арналған бірқатар бөлшектерді дәнекерлеу, дайындау және монтаждаудың технологиялық процесімен, сондай-ақ өндірісті жаңғырту барысымен танысты. Ол кәсіпорын қызметкерлерінің елдің көліктік-логистика әлеуетін дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті.
Депутат Мемлекет басшысы «Turkistan» газетіне берген сұхбатында еліміздің ұзақ мерзімді дамуының негізгі бағыттарының бірі ретінде көлік-логистика әлеуетін дамыту мен теміржол инфрақұрылымын жаңғыртудың стратегиялық маңыздылығын атап өткенін еске салды. Президенттің айтуынша, транзиттік маршруттарды нығайту, көлік дәліздерін кеңейту және өндіріс қуатын жаңарту Қазақстанға Еуразия көлік хабы ретіндегі өз орнын нығайтуға және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Парламент қабырғасында еліміздің өндірістік әлеуетін қолдауға, еңбек адамының мүддесін қорғауға, өнеркәсіп қауіпсіздігі стандарттарын, еңбек жағдайын жетілдіруге және кадрлық әлеуетті дамытуға бағытталған нақты заңдар қабылданады. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес іске асатын кешенді шаралар. Өткен жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялау осы мемлекеттік саясаттың айқын дәлелі болып табылады», - деп атап өтті Бибігүл Жексенбай.
Еске салайық, бұдан бұрын сенатор Бибігүл Жексенбай Астананың «Сарыарқа» ауданы полициясының жеке құрамымен кездескені туралы жаздық.