Бибігүл Жексенбай: 15 наурыз – табиғат пен адам өмірінің жаңаруы
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай референдумға қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жалпыхалықтық референдум өтетін күнді белгілеп, арнайы Жарлыққа қол қойды.
15 наурыз – тарихи күн! Референдум – тек заңдық рәсім емес, қоғамның өз таңдауын жасау құқығының көрінісі, мемлекет пен азамат арасындағы сенімнің өлшемі. Конституцияның жаңаруы – тұрақтылық пен әділеттің, бірлік пен жаңашылдықтың кепілі.
Жаңартылған Конституция – ұлттық құндылықтар мен заманауи талаптарды үйлестірген құжат. Ол: Адам құқықтары, жеке өмір, еңбек, білім және отбасы құндылықтарын қорғайды; Халық – биліктің бастауы; Президенттік республика формасын және әкімшілік-аумақтық құрылымды нақтылайды; Вице-президент, Құрылтай, Үкімет, Қазақстан Халық Кеңесі және Конституциялық соттың рөлін айқындайды», - деп жазды Бибігүл Жексенбай Facebook парақшасында.
Сонымен қатар ол бұл өзгерістер елдің тұрақтылығы мен әділеттілігін, азамат сенімін нығайтып, Қазақстанды жаңа даму кезеңіне жетелейтініне сенімі мол екенін атап өтті.
«Жалпы, 15 наурыз күні белгіленуінің де еліміз үшін символикалық маңызы терең деп ойлаймын. 15 наурыз – табиғат пен адам өмірінің жаңаруы, қоғамдағы келісім мен ұлттық дәстүрді ұлықтау күні ретінде де маңызды екені аян. Сондықтан референдумға ұсынылған Ата Заңымызда айтылғандай, қазақ жеріндегі өркениет пен мемлекеттіліктің терең тамыры бейнеленіп, еліміздің Ұлы даланың ұлы мемлекеттерімен сабақтастығы жалғасуының көрінісі болмақ», - деді Сенат депутаты.
Бұған дейін Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, ҚР Ұлттық құрылтай мүшесі, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Зұлфухар Ғайыповтың бұл референдум мемлекетіміздің дамуына жаңа серпін беретінін айтқанын жазған болатынбыз.