Белгілі филолог, әдебиет сыншысы, режиссер әрі сценарист Ғалым Доскен өмірден өтті. Қаралы хабарды журналист Болат Мүрсәлім желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Қашан көрсең жайдары, сөйлеп кеткенде арғы мен бергіні, Батыс пен Шығысты сапырып отыратын, қазақтың әнін, күйін, жалпы ұлттық дүниесін түгендеп, соның жоқшысы бола білген Ғалым ағамыз о дүниелік болған екен. Ғалым ағадай биік, Ғалым ағадай парасатты басқа адамды дүниеде кезіктірдім бе, жоқ па, білмеймін. Қабағы түксиіп, күркіреген күндей көрінгенімен, жаны баладай нәзік, досына асық, төңірегіне жиған бауыр-қарындастарына әкедей қамқор жан еді, – деп еске алды Болат Мүрсәлім.
Өмір жолы мен шығармашылығы
Ғалым Доскен 1960 жылы 19 шілдеде дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдаған.
Еңбек жолында ол қазақ телевизиясы мен мәдениет саласының дамуына зор үлес қосты.
2001–2002 жылдары – «Қазақстанның республикалық телевидение және радио корпорациясы» ЖАҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары;
2002–2006 жылдары – «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ басқарма төрағасы;
2007 жылдан бастап – «Ел» продюсерлік орталығының көркемдік жетекшісі болып қызмет атқарды.
Ғалым Доскен — көптеген көркем және деректі фильмдердің авторы. Оның шығармаларының қатарында «Сәулені күту», «Ұлы дала астаналары», «Маңғыстау қабірлерінің түсі», «Жоғалған жарық хроникасы» секілді фильмдер бар.
Сондай-ақ ол «Тоғыз құйрықты ақ түлкі», «Сиқырлы флейта», «Билейтін құс» кітаптарының және «Жезтырнақ» балетінің либреттосының авторы