Балық шаруашылығы саласындағы инвестициялық субсидиялауға қатысты кедергі жойылды

Балық шаруашылығы саласындағы инвестициялық субсидиялауға қатысты кедергі жойылды
Фото: Pixabay.com

Агенттік балық өсіру саласында өндірістік қуаттарды құру және кеңейтуге жұмсалатын шығындарды субсидиялау кезінде туындайтын кедергіге талдау жүргізді. Практикалық мысал ретінде тұйық су айналымы жүйесін пайдалана отырып бекіре тұқымдас балықтарды өнеркәсіптік өсірумен айналысатын «Қостанай бекіресі» ЖШС жобасы қаралды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Бастапқыда жоба жылына 20 тоннаға дейін тауарлық балық өндіруді, кейіннен өндірістік қуаттарды кеңейтуді көздеген. Іске қосу және даму кезеңінде кәсіпорынға, оның ішінде мемлекеттік қолдау шараларын тарту арқылы, елеулі инвестициялар қажет болды.

Алайда, 2022 жылы агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің инвестициялық салымдары кезінде шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларына енгізілген өзгерістердің нәтижесінде (жоба паспорты № 32, Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 14 маусымдағы № 219 бұйрығы) жобалық қуаттың ең төменгі шегі жылына 45 тонна тауарлық балық деңгейінде белгіленді. Аталған талап шағын кәсіпорындардың, соның ішінде осы жоба мен оған ұқсас балық өсіру шаруашылықтарының инвестициялық субсидиялауға қол жеткізуін едәуір шектеді.

2024 жылдан бастап субсидиялау қағидаларын әкімшілендіру Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 3 қаңтардағы

№ 426 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзыретіне берілді.

Аталмыш кедергіні жою мақсатында Агенттік 2024 жылы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне жобалық қуаттың ең төменгі шегін жылына 25 тонна тауарлық балыққа дейін төмендету туралы ұсыныстар жолдады. Сонымен қатар, салалық мемлекеттік органдардың қатысуымен нормативтік талаптарды түзету және аквамәдениет саласында шағын және орта бизнес субъектілерінің мемлекеттік қолдау шараларына қолжетімділігін кеңейту мүмкіндіктері талқыланған бірқатар жұмыс кездесулері мен кеңестер өтті.

Мәселені пысықтау нәтижелері және Агенттіктің ұсынымдарын ескере отырып, 2025 жылы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2025 жылғы 1 қарашадағы № 410 бұйрығымен тиісті кедергі жойылды. Енгізілген өзгерістер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне еніп, жылына 25 тоннаға дейін тауарлық балық өндіретін кәсіпорындарға инвестициялық субсидиялар алуға үміткер болуға мүмкіндік береді.

Қабылданған түзетулер шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігін кеңейтуге, аквамәдениет саласын дамытуға және балық өсіру жобаларының инвестициялық жағдайын арттыруға бағытталған.