Балқаш қаласында тұрғын үйдің бір кіреберісі опырылып құлады

Балқаш қаласында тұрғын үйдің бір кіреберісі опырылып құлады
Фото: Балқаш қаласы әкімдігі

Балқаш қаласының әкімдігі кіреберісте ешкім тұрмағанын, оқыс оқиғадан ешкім зардап шекпегенін  мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Әкімдіктің хабарлауынша, Қараменді би көшесіндегі №10 үйдің кіреберісінің бір бөлігі бүгін шамамен 08:10-да құлаған. Ол  бұрын апатты деп танылып, бұзылуы тиіс болған, қазіргі уақытта пайдаланылмаған. 

«2025 жылы аталған кіреберіс техникалық қорытынды мен құрылыс сараптамасының негізінде апатты деп танылған. 5-кіреберістің тұрғындары алдын ала көшіріліп, пәтерлері тұруға жарамсыз деп танылғандықтан, заңда белгіленген тәртіппен тұрғын үйге мұқтаж азаматтар ретінде есепке қойылған», делінген хабарламада.

Қазір ғимарат қоршауға алынып, кіруге шектеу қойылды, электр, жылу, су жүйелері ажыратылды. Сондай-ақ кіреберісті демонтаждау жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс аяқталған соң қалған төрт кіреберісте қосымша техникалық тексеру және құрылыс сараптамасы жүргізіледі.

Еске салсақ, таяуда «Астана-Теплотранзит» АҚ жылу ақысы қалай есептелетіні жөнінде түсініктеме берді.