Жылу ақысы қалай есептеледі: «Астана-Теплотранзит» АҚ түсініктеме берді

Жылу ақысы қалай есептеледі: «Астана-Теплотранзит» АҚ түсініктеме берді
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Жылу жүйесі бойынша есептелетін төлем мөлшері сыртқы ауаның орташа температурасына тікелей байланысты. Ауа температурасы төмендеген сайын тұрғын үйлерде нормативтік температураны сақтау үшін көбірек жылу энергиясы қажет болады, бұл түбіртектердегі сома арқылы көрініс табады, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Салыстырар болсақ, қазіргі жылыту маусымындағы орташа ауа температурасы:

• 2025 жылғы қараша – 0,36 °C;

• 2025 жылғы желтоқсан – -8,1 °C;

• 2026 жылғы қаңтар – -14,3 °C.

Осылайша, жылумен жабдықтау тарифі көтерілген жоқ.

Ауа температурасының төмендеуіне байланысты жылу тұтыну көлемі объективті түрде артты, бұл өз кезегінде түпкілікті құнына әсер етті.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 488-бабына және «Жылу энергетикасы туралы» заңға сәйкес, төлем нақты тұтынылған энергия көлемі үшін жүргізіледі.

Жылу энергиясының құны мына факторларға байланысты:

• ауа райы жағдайлары (сыртқы ауаның орташа айлық температурасы);

• жылу энергиясын есепке алу құралының болуы және жарамдылығы;

• есептеу әдісі (есепке алу құралы бойынша немесе есептік әдіспен);

• ыстық су есептегіштерінің көрсеткіштерін уақытылы тапсыру;

• жылу энергиясын тұтыну көлемі.

Есепке алудың екі негізгі тәсілі бар:

• аспаптық – жалпыүйлік есепке алу құралдарының (есептегіштердің) деректері негізінде;

• есептік – есептегіштер болмаған немесе уақытша жарамсыз болған жағдайда бекітілген нормаларға сәйкес қолданылады.

Жылу энергиясын тұтыну көлемі сондай-ақ үйдің техникалық сипаттамаларына, инженерлік жүйелердің жай-күйіне, реттеу автоматикасының болуына және тұратын адамдар санына байланысты, бұл ыстық су шығынына әсер етеді.

Жылу энергиясын пайдалану қағидаларының 32-тармағына сәйкес, жалпыүйлік есепке алу құралдарына техникалық қызмет көрсету және оларды тексеру үйді басқару органдарының – МИБ, ПИК және басқа да қызмет көрсетуші ұйымдардың жауапкершілік аймағына жатады. Жарамды есептегіштің болуы нақты тұтыну бойынша төлеуге мүмкіндік береді.

Бірыңғай төлем құжаты бойынша төлемді осы айдың 25-іне дейін жүргізу қажет. Осы күннен кейін түскен төлемдер келесі есептік кезеңде ескеріледі.

Жылумен жабдықтау және есептеулер мәселесі бойынша «Астана-Теплотранзит» АҚ-ға мына мекенжайлар бойынша жүгінуге болады: Тұран даңғылы, 12 және Қажымұқан көшесі, 8А.

Электрондық пошта: info@a-tranzit.kz

Call-орталық:

+7 7172 91 88 88;

+7 708 091 88 88.

Жұмыс кестесі: дүйсенбі-жұма 07:30-дан 19:00-ге дейін, сенбі 09:00-ден 14:00-ге дейін.