«BaiQymyz-2026» фестивалінде 60-тан астам қымыз өндіруші өз өнімдерін ұсынады
Астанадағы «Қазанат» ипподромында 11-12 шілде күндері ұлттық дәстүрлерді, мәдениетті және қазақтың ұлттық тағамдарын насихаттайтын BaiQymyz-2026 халықаралық гастрономиялық фестивалі өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігіне сілтеме жасап.
Фестивальге Қазақстанның әр өңірінен 60-тан астам қымыз өндіруші, сондай-ақ Қырғыз Республикасы мен Ресей Федерациясының (Якутия) өкілдері қатысады. Келушілер ұлттық сусынның сан түрінен дәм татып, оны әзірлеу барысымен таныса алады.
«Фестивальдің басты оқиғасы – халықаралық қымыз байқауы. Онда үздік өндірушілер ең үздік атану үшін бақ сынайды. Сондай-ақ қонақтарға арнап аспаздық шоулар, ұлттық тағамдарды әзірлеу бойынша шеберлік сабақтары, «Үздік қазы» байқауы, көкпар, бәйге, аударыспақ, қыз қуу, дәстүрлі садақ атудан жарыстар, сондай-ақ «Қой көтеру», «Жілік сындыру», ат үстіндегі квиддич және басқа да ұлттық ойындар әзірленді. Екі күн бойы бас сахнада танымал өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетеді», делінеді хабарламада.
Айта кетейік, фестиваль билеттерін ресми сайттар арқылы сатып алуға болады. Келушілерге бір күнге немесе екі күнге арналған билеттер ұсынылған. Зейнеткерлер мен 16 жасқа дейінгі балалар үшін кіру тегін.


Еске салсақ, Астанада 11-12 шілде күндері сағат 09:00-ден 22:00-ге дейін ұлттық дәстүрлерге, мәдениетке және қазақтың ұлттық тағамдарына арналған халықаралық BaiQymyz-2026 гастрономиялық фестивалі өтеді. Екі күн бойы гастрономияны, ұлттық спорт түрлерін, халық ойындарын, концерттерді, көрмелерді және отбасылық демалысқа арналған түрлі ойын-сауық бағдарламаларын қамтитын мазмұнды іс-шаралар өтетіні туралы жаздық.