Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы дәріптелді: Әділет министрлігінде тілдер күні аталып өтті

Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы дәріптелді: Әділет министрлігінде тілдер күні аталып өтті
Фото: Әділет министрлігі

Әділет министрлігінде Қазақстан халқының тілдері күніне орай мерекелік іс-шара өтті. Жиын барысында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, Ахмет Байтұрсынұлының сан-салалы мұрасын дәріптеу және еліміздегі этностардың мәдениеті мен тілдеріне құрмет көрсету мәселелері сөз болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Әділет министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шара Әділет министрлігі Аппарат басшысы Сандуғаш Ерсеитованың төрағалығымен өтті.

Жиынның негізгі мақсаты – Қазақстан халқының тілдері күні аясында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, ұлт ұстазы, қазақ ғылымының негізін қалаушы ғалым әрі қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының мол мұрасын насихаттау. Сондай-ақ елімізде тұратын барлық этностың мәдениеті мен ана тіліне құрметпен қарау құндылықтарын дәріптеу көзделді.

Мерекелік іс-шараға ҚР Әділет министрлігінің ведомстволары, құрылымдық бөлімшелері және ведомстволық бағынысты ұйымдарының басшылары мен қызметкерлері қатысты.

Іс-шара барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тлешов «Қазақ мәдениеті және Ахмет Байтұрсынұлы» тақырыбында дәріс оқыды. Қатысушылар дәріс барысында өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жауап алды.

Сонымен қатар қызметкерлер арасында зияткерлік сайыс ұйымдастырылып, қатысушылар өз білімдерін сынады.

Іс-шара соңында Экономика салаларының заңнама департаментінің сарапшысы Өсербай Өркенбай Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» өлеңін оқыды.

Белсенділік танытқан қызметкерлерге арнайы марапаттар табысталды.

Бұған дейін Қазақстанда E-Notary жүйесі енгізілетінін жаздық.