Australian Open: Заңғар Нұрланұлы алғаш рет жартылай финалға шықты

Бүгін, 09:54
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Australian Open: Заңғар Нұрланұлы алғаш рет жартылай финалға шықты
Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Қазақстандық теннисші, 17 жастағы Заңғар Нұрланұлы жасөспірімдер арасында Аустралия ашық чемпионатының жартылай финалына жолдама алды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жасөспірімдер арасында әлемдік рейтингіде 12-орында тұрған Заңғар турнирдің 8-ракеткасы болып тіркелген.

Ол ширек финалда Гонконг өкілі Кай Томпсонға қарсы ойнады. Бірінші партияда гонконгтық теннисші 6:3 есебімен басымдық танытты. Тартысқа толы матчтың екінші сетінде қазақстандық теннисші тай-брейкте қарымта қайырды – 7:6 (7:4).

Шешуші, үшінші партияда есеп 3:1 болған мезетте Томпсон доп бергенде, Заңғар аяғынан жарақат алып қалды. Ақсаңдап әзер жүрсе де, ол брейк жасай алды – 4:1. Бірақ келесіде өз геймін беріп қойды – 4:2. Дегенмен матчқа доп бергенде, мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:4.

Осылайша, Заңғар Нұрланұлы спорттық жолында алғаш рет Аустралия ашық чемпионатының жартылай финалына шықты.

Оның келесі қарсыласы кейін белгілі болады. Нұрланұлы өткен жылы жасөспірімдер арасында қазақстандықтардан тұңғыш рет АҚШ ашық чемпионатының жартылай финалына дейін жеткен еді.

Еске салайық, Елена Рыбакина да Аустралия ашық чемпионатының финалына шыққан еді.