Әуе компаниясы Ташкент – Астана – Ташкент бағыты бойынша жолаушылар рейстерін іске қосады
Астана халықаралық әуежайы Centrum Air авиакомпаниясы Ташкент – Астана – Ташкент бағыты бойынша тұрақты жолаушылар рейстерін іске қосатынын жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz әуежайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған бағыттың ашылуы жазғы әуе қатынасы кестесі аясында 2026 жылғы 29 наурызға жоспарланған. Рейстер аптасына үш рет — дүйсенбі, жұма және жексенбі күндері заманауи әрі жайлы Airbus A320 әуе кемелерімен орындалады. Ұшу уақыты шамамен 2 сағатты құрайды.
Барып-қайту әуе билеттерінің ең төменгі бағасы багажсыз шамамен 85 мың теңгеден басталады.
Жаңа бағыттың ашылуы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әуе қатынасын кеңейтіп, іскерлік, туристік және отбасылық сапарлар үшін қосымша мүмкіндіктер ұсынады.
Еске салайық, бұған дейін Ташкент пен Атырау арасында жаңа рейс іске қосылатыны туралы жаздық.