Ата Заңның жаңа жобасының қазақ тілінде түсінікті жазылғаны қуантады – Серікзат Дүйсенғазы

Ата Заңның жаңа жобасының қазақ тілінде түсінікті жазылғаны қуантады – Серікзат Дүйсенғазы
Фото: instagram.com/serikzat_duisengazy

Ақын, қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазы Конституцияның жаңа жобасына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Қазір баршамызға қатысты Ата Заңның жаңаруы тұрғысында қоғамда түрлі пікір айтылып жатыр. Бұл билік басындағы азаматтар мен сарапшылардың, ғылыми институттардың, ғалымдардың пікірі бір арнаға тоғыса келе, қабылданған шешім деп ойлаймын. Әрине, қазіргі алмағайып заманда, әлемде дүрбелең болып жатқан кезеңде Қазақстан мемлекеті өзінің қадамын нық ұстау үшін Ата Заңның кейбір ескірген тұсын қазіргі заманға лайықтап жаңартуы құптарлық іс деп есептеймін. Мысалы, ғылым мен білімге, мәдениетке қатысты бұрын болмаған баптар енгізілмек. Сонымен қатар инновацияға да қатысты баптар енгізіліп жатыр. Еліміз өркениет көшінен қалмас үшін осы инновация бағытында да үлкен жұмыстар атқаруымыз керек. Тағы бір қуантарлық жағдай – жаңа Ата Заңның қазақ тілінде түсінікті жазылуы. Филолог ретінде айтар болсам, бұрынғы нұсқасын қазақша түсініп оқу сәл күрделірек болатын. Жаңарған нұсқасы бойынша қазақ тілді мықты маманның жұмыс істегені көрініп тұр. Жаңа заң жобасын қолдаймын, оның халыққа тиімді болғанын қалаймын. Өскелең ұрпақтың болашағы үшін еліміздің Ата Заңы нық болуы керек. Жаңа Ата Заңымыз қайырлы-құтты болсын! Дұрыс қабылдансын деп тілеймін!» – деді Серікзат Дүйсенғазы Instagram парақшасында.

Бұған дейін Астанада «Нұра» ауданының белсенділері жаңа Конституция жобасын талқылағанын жаздық.