Астанада «Нұра» ауданының белсенділері жаңа Конституция жобасын талқылады

Астанада «Нұра» ауданының белсенділері жаңа Конституция жобасын талқылады
Фото: Elordainfo.kz/Әмір Теміржан

Бүгін Астананың «Нұра» ауданы әкімдігінде жаңа Конституцияға енгізілген өзгерістерге арналған ашық қоғамдық талқылау өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Оған аудан әкімі Ришат Тұрдыбеков, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, Конституциялық комиссия мүшесі Зұлфухар Ғайыпов және аудандық басқармалар мен бөлім басшылары, партия хатшылары мен қоғам белсенділері сондай-ақ білім беру мекемелерінің директорлары қатысты.

«Бүгінгі біздің кездесуіміздің тақырыбы – азаматтардың, саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардың ұсыныстарын жан-жақты талдау. Өздеріңіз білетіндей, жыл сайынғы Жолдау аясында 2025 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті бір палаталы Парламентке көшу көзделген конституциялық реформаны өткізуді ұсынды. Бұл бастама саяси жүйені кешенді түрде қайта жаңғыртуға және жасанды интеллект дәуірінде Қазақстанның тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына жағдай жасауға бағытталған.

2025 жылғы 8 қазанда Парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобын құру туралы өкімге қол қойылды. Оның құрамына жетекші құқықтанушы ғалымдар, сарапшылар, саяси партиялар фракцияларының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері енді», - деді Ришат Тұрдыбеков.

Ата заңның жаңа жобасында преамбула, 11 бөлім, 95 бапты бекіту ұсынылады.

«Жобада 11 бөлім 95 бап бар. Кейбір бөлімдер бірінші рет қосылып отыр. Бұл – бірінші ерекшелігі. Екіншісі, бұл нұсқаның преамбуласы кіріспесі жаңадан жазылып шықты. Кіріспе «Біз, біртұтас Қазақстан халқы байырғы қазақ жерінде мемлекетті нығайта отырып, Ұлы даланың мыңжылдық тарихын сабақтастығын сақтап…» деп басталады. Жаңа Конституцияда  арнайы 30-бап енгізілді. Мұнда «Неке ер мен әйелдің мемлекеттік заңға сәйкес тіркелген ерікті одағы» деп жазылған. Парламент бір палаталы болады. Оның атауы – Құрылтай. Сондай-ақ жаңа саяси институт пайда болды. Ол – Халық кеңесі. Астанада бірде-бір құжат Қоғамдық кеңесті айналып өтпейді. Бірақ біздің айтқанымыз ұсыныс күйінде қалады. Ал Халық кеңесі заң шығаруға ие болып отыр», - деді Зұлфухар Ғайыпов.

Халық кеңесі азаматтардың мүддесін білдіретін консультативтік орган болып есептеледі.

«Жаңа Конституцияға енгізілген өзгерістерді халықтың белсенді түрде талқылап жатқаны қуантады. Ата заң – біздің басты төл құжатымыз. Біздің ел болып қалыптасуымызға, әлемге танылуымызға осы құжаттың абыройы үлкен болды. Әлбетте, өмір болған соң өзгерістер болып тұрады. Сондықтан мемлекеттің реформалық жұмыстарды жүргізуі өте орынды деп ойлаймын. Қазіргі ұсынылып жатқан өзгерістер елдің экономикалық, саяси, мәдени, ғылыми жағынан үлкен өзгеріс беретініне сеніп отырмыз. Тіпті Парламенттің Құрылтай деп аталуы қазақтың төл табиғатына, болмысына жақындатылып жатқаны қуантарлық жайт. Бұл өзгерістер еліміздің дамуына үлкен әсер етеді деп ойлаймын», - деді Астаналық цирктің бас директоры Айболат Жәудір.

Бұған дейін Жоғары Сот Кеңесінде Конституцияның жаңа жобасы талқыланғанын жаздық.