Асықпаған шенеуніктердің кесірінен кәсіпкер бірнеше рет келісімшарт жасау мүмкіндігінен қағылған

Асықпаған шенеуніктердің кесірінен кәсіпкер бірнеше рет келісімшарт жасау мүмкіндігінен қағылған
Фото: Бас прокуратура видеосынан скриншот

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы әкімшілік кедергілерді жедел жоюды қамтамасыз ете отырып, маңызды инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына қолдау көрсетуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Бұл жұмыстың кезекті мысалы – Өскемен қаласында май зауытын салу жобасын іске асырып жатқан «ALTAY MAI» ЖШС-нің проблемалық мәселесінің оң шешілуі.

Бұған дейін кәсіпорын орталық мемлекеттік органдардың қорытындыларын уақытылы ұсынбауына байланысты басым инвестициялық келісімшарт жасасудан бірнеше рет бас тарту туралы жауап алған, бұл өз кезегінде инвестордың өтінімінің Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінде қаралуына кедергі келтірген.

Облыс прокуратурасының хатын қарау нәтижесінде орталық мемлекеттік органдар қажетті құжаттарды жедел түрде дайындап, уәкілетті органға жолдады.

Өз кезегінде Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті инвесторға басым инвестициялық келісімшарт жасасу арқылы инвестициялық преференциялар беру туралы шешім қабылдады.

Жобаның жүзеге асырылуы жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға мүмкіндік берді.