Астананың Сарайшық ауданында алғаш рет кинотеатр ашылады

Бүгін, 16:16
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Астананың Сарайшық ауданында алғаш рет кинотеатр ашылады
Фото: Instagram/maksat_samatuly_

Елорданың Сарайшық ауданында жаңа сауда үйі ашылады. Бұл туралы аудан әкімі Мақсат Саматұлы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«2026 жылдың мамыр айында Сарайшық ауданында жаңа сауда үйі ашылады. А. Байтұрсынұлы мен М. Тынышбайұлы көшелерінің қиылысында бой көтеріп жатқан «Jibek joly» сауда-ойын-сауық орталығы – ауданымыздың дамуына тың серпін беретін маңызды жобалардың бірі. Құрылысы 2024 жылдың ІІІ тоқсанында басталған, жалпы аумағы 16 347 м² болатын 5 қабатты бұл нысан көктемде пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Жоба – тұрғындардың сұранысына сай, заманауи әрі көпфункционалды қоғамдық кеңістік қалыптастыруға бағытталған», - деп жазды Мақсат Саматұлы.

Тағы бір айта кетерлігі, Сарайшық ауданындағы алғашқы кинотеатр дәл осы орталықта ашылады.

«Әрқайсысы 100 орындық 4 зал бір мезетте 400 көрерменді қабылдай алады. Бұл – аудан тұрғындары үшін сапалы мәдени демалысқа қолжетімділікті арттыратын маңызды қадам. Орталықта мейрамханалар мен кофеханалар, фудкорт аймағы, супермаркет, дәріхана, сұлулық салоны, химиялық тазалау, балалар мен ересектерге арналған дүкендер жұмыс істейді. Ал шамамен 4 000 м² құрайтын балалар және жасөспірімдерге арналған ойын аумағы отбасылық демалыстың жаңа орталығына айналмақ. Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолайлы жағдай жасау – басты назарда. Нысанда пандустар мен жеделсатылар қарастырылған, сондай-ақ, ыңғайлы автотұрақ болады. Бұл жоба – аудан инфрақұрылымын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам. Көктемде жаңа орталықтың ашылуын бірге қарсы аламыз деп сенемін», - деді әкім.

Мұнда шамамен 70-ке жуық сауда орны болады деп жоспарланып отыр.