Астаналық зейнеткерлер шаңғы теуіп, қысқы спорт түрлерімен айналысып жүр

Бүгін, 15:58
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Астаналық зейнеткерлер шаңғы теуіп, қысқы спорт түрлерімен айналысып жүр
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанадағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының зейнеткерлері қыс мезгілінде де салауатты өмір салтын ұстанып келеді. Қазіргі уақытта 40-қа жуық зейнеткер Орталық саябақта ұйымдастырылатын шаңғы тебу мен қысқы жүзу шараларына тұрақты түрде қатысып жүр, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Спортшы зейнеткерлер арасында жасы 78-ге келген Тоқтамыс Әбиев пен Тұрғанбек Ахметжанов сынды қариялар да бар. Олар спортты өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырып, өз қатарластарына үлгі көрсетіп жүр.

«Сарыарқа ауданының зейнеткерлері шаңғы тебуге сейсенбі мен бейсенбі күндері жиналса, Байқоңыр мен Нұра аудандарының тұрғындары бұл шараларға демалыс күндері қатысады. Сабақтарды орталықтың білікті спорт нұсқаушылары мен волонтерлер жүргізеді», - деп жазылған қала әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Соңғы үш жылда қысқы спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлініп, зейнеткерлердің таза ауада уақыт өткізіп, денсаулығын жақсартуына жағдай жасалып отыр. Бұл бастама егде жастағы азаматтардың өмір сапасын арттырып, белсенді қартаюға жол ашуда.

Бұған дейін елордалық волонтерлер жалғыз тұратын қариялардың ауласын қардан тазартып, қолғабыс еткенін жаздық.