Астаналық оқушыға Harvard University толық грант ұсынды

Астаналық оқушыға Harvard University толық грант ұсынды
Фото: РФММ

Халықаралық SAT, IELTS, CAE және HSK емтихандарында жоғары нәтиже көрсеткен астаналық оқушы Бөрте Сайранбекқызына әлемнің ең беделді жоғары оқу орындарының бірі – Harvard University төрт жылдық толық грант ұсынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Республикалық физика-математика мектебінде 6-сыныптан бері білім алып келе жатқан Бөрте биыл 11-сыныпты аяқтайды. Ол Harvard University қабылдау комиссиясына құжаттарын осы жылдың басында тапсырған.

Оқушы өз жетістігін РФММ-дегі бірегей білім беру жүйесімен байланыстырады. 10-сыныптан бастап Advanced Placement (AP) бағдарламасы бойынша білім алған ол мектеп қабырғасында жүріп-ақ университеттің алғашқы курс бағдарламасын үш тілде меңгерген.

Бөрте қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін игеріп қана қоймай, қытай тілін де меңгеріп, өз білімін AP емтиханы арқылы дәлелдеген.

Сондай-ақ ол ғылыми жобалармен белсенді айналысып, халықаралық ғылыми бағдарламаға іріктеуден өткен. Бағдарлама аясында АҚШ-тың жетекші университеті профессорымен бірге зерттеу жұмыстарын жүргізген.

Қазіргі уақытта Бөрте Harvard University-де Mechanical Engineering мамандығы бойынша білім алуда. Бұл жетістік – РФММ оқушылары үшін маңызды тарихи нәтиже әрі қазақстандық білім беру жүйесінің сапасын көрсететін айқын дәлел.

Бұған дейін Аят Тәжен есімді астаналық оқушының компьютер құрастырып шығарғанын жазғанбыз.