Астанадан қыс басталғалы 3,3 млн текше метрге жуық қар шығарылды
Астанада қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі үшін қар күреу жұмысы тоқтаусыз, күндіз-түні жүріп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Өткен түнде қала аумағынан 649 рейспен арнайы полигондарға 9 507 текше метр қар шығарылды.
29 қаңтарда таңертеңнен бастап қар күреу жұмысына 3 150 жол жұмысшысы мен 1 134 арнайы техника жұмылдырылды.
Жалпы қыс маусымы басталғалы бері қала аумағынан 236 713 рейс арқылы қар полигондарына 3 млн 293 мың 472 текше метр қар шығарылды.
Ең алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жүретін бағыттар тазартылуда. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа аумақтарда – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалау жұмысы жүргізіледі.
Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолдар, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себілуде. Бұл жұмыстар да тәулік бойы атқарылып жатыр.
Сонымен қатар аула аумақтарындағы тазалықты қамтамасыз ету пәтер иелері кооперативтері (ПИК) мен мүлік иелері бірлестіктерінің (МИБ) міндетінде. Олар тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығы үшін аулаларды қар мен көктайғақтан уақытылы тазалауы тиіс.
Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы жағдайында алыс жолға шықпауға шақырады.