Астанадағы жол апатынан көлік аударылып, жүргізуші ауруханаға жеткізілді - ВИДЕО
Елордада жол апаты салдарынан жеңіл автокөліктердің бірі аударылып қалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Алдын ала мәлімет бойынша, 19 жастағы Hyundai Elantra жүргізушісі Қошқарбаев даңғылы жағынан көпірмен оң жақ шеткі жолақта келе жатып, сол жақ жолаққа ауысу кезінде маневрдің қауіпсіздігіне көз жеткізбеген. Соның салдарынан ол өзімен бір бағытта қозғалып келе жатқан Geely Emgrand автокөлігімен соқтығысқан.
Соққының әсерінен Geely Emgrand автокөлігі аударылып кеткен. Оның жүргізушісі медициналық мекемеге жеткізіліп, дәрігерлердің тексеруінен кейін үйіне жіберілді. Ал Hyundai Elantra автокөлігі мамандандырылған айып тұрағына қойылды.
«Қазіргі уақытта аталған жол апаты бойынша тексеру жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», - деп хабарлады полицияда.
Осыған байланысты Астана қаласының полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды. Ведомство жолақ ауыстыру алдында маневрдің қауіпсіз екеніне алдын ала көз жеткізіп, өзге жол қозғалысына қатысушыларға кедергі келтірмеудің маңыздылығын еске салды.
Сондай-ақ полиция рөлдегі кез келген сәттік салғырттық ауыр жол-көлік оқиғасына әкелуі мүмкін екенін ескертті.
Еске салайық, Бас прокуратура жүргізушілерді жол қозғалысы мәдениетін сақтауға шақырды.