Елімізде басталған «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» республикалық акциясы аясында елорданың «Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық орталығында ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы ұйымдастырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Акцияның мақсаты – тұрмыстық және гендерлік зорлық-зомбылық проблемалары туралы халықтың хабардарлығын арттыру, сондай-ақ полиция, мемлекеттік органдар және қоғам өкілдері арасындағы өзара іс-қимылды нығайту.
Мамандар келушілерге кеңес беріп, заңнама нормаларын түсіндірді. Сонымен қатар зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған интерактивті алаңдар мен ақпараттық материалдар ұсынылды. Мұнда қиын өмірлік жағдайда қалған әйелдер көмек ала алатын дағдарыс орталықтарының өкілдері де жұмыс істеді.

«Нұра» аудандық полиция басқармасының Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Әсия Әлкееваның айтуынша, бұл проблема әлі де өзекті болып отыр.
«102 нөміріне шағымдар күн сайын түседі. Көп жағдайда әйелдер күйеулерінің агрессивті әрекеттерінен қорғауды сұрайды. Әкімшілік те, қылмыстық та құқықбұзушылықтар кездеседі. Жиі себеп – алкогольді шамадан тыс пайдалану мен балалардың көзінше болатын жанжалдар.
Сондықтан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін қоғамның назарын аударуға тырысып жатырмыз», – деді ол.
Айта кетейік, акция еліміздің барлық өңірінде өткізіліп жатыр. Оның мақсаты – зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерді қолдауды күшейту және оның алдын алудың маңыздылығына қоғам назарын аудару.
Жергілікті тұрғындар бастаманы қолдады.
«Менің ойымша, әйел адам өзiн және баласын қорғай алмайтын жағдай – ең ауыр әрі маңызды мәселе. Қуантатыны, мұқтаж жандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған әлеуметтік жобалар мен полиция бастамаларының көбейіп келе жатқаны», – деді астаналық тұрғын Элиф.