Астанада жастарға патриоттық тәрбие беру мәселесі талқыланды
Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, «ҚР Қарулы Күштері ардагерлері» және Atamnyn amanaty қоғамдық бірлестіктері бірлесіп Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Тарихи жадыны сақтау ұрпақ сабақтастығы мен жастарға патриоттық тәрбие берудің маңызды фактор ретінде» атты ғылыми-практикалық конференция өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Конференция Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы аға ұрпақ ерлігін ұлықтаудың, тарихи жадыны сақтаудың жаңа жолдарын, бағыттары мен формаларын іздеу, тарихи-өлкетану қызметін, архивтік іздестіру жұмыстарын жандандыру, сонымен қатар өскелең ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу және ұрпақтар сабақтастығын дамытуды талқылауды мақсат етіп қойды.

Жиынды Atamnyn amanaty қоғамдық бірлестігінің Басқарма төрағасы Мұрат Молдағалиев ашып, жүргізіп отырды. Конференцияның басты қонағы – «ҚР Қарулы Күштері ардагерлері» ұйымы басшысының орынбасары, генерал-майор Марат Нағұманов аталған ұйымның төрағасы, Халық қаһарманы, армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың алқалы жиынға қатысушыларға арналған құттықтау сөзін оқып берді.

«Тарихи жады – ұрпақ сабақтастығының негізі. Дәл осы жад арқылы жастар өткеннің маңызын терең ұғынып, елдің болашағы үшін өз жауапкершілігін сезінеді. Бүгінде әлем күрделі өзгерістер кезеңін бастан өткеріп жатқанда, тарихи ақиқатты сақтау, тарихты бұрмалауға қарсы тұру және патриоттық сананы күшейту айрықша өзектілікке ие.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ардагерлері ретінде біздің миссиямыз – жас буынға еліміздің қаһармандық тарихын жеткізіп қана қоймай, Отанға қызмет етудің жарқын үлгісі арқылы олардың адамгершілік бағдарын нығайту. Соғыс және еңбек ерлерінің, ел тәуелсіздігі мен аумақтың тұтастығын қорғаған әскери қызметшілердің рухын қастерлеу – тарих алдындағы да, келер ұрпақ алдындағы да ортақ борышымыз.
Конференция жұмысы патриоттық тәрбиенің тиімді жүйесін дамытуға бағытталған идеялармен, озық тәжірибелермен және нақты бастамалармен алмасатын маңызды алаңға айналатынына сенімдімін», - делінген құттықтауда.
Содан кейін ҚР Ұлттық музейінің директоры Берік Әбдіғалиұлы сөз алды. Ол өз сөзінде Atamnyn amanaty және «ҚР Қарулы Күштері ардагерлері» ұйымдары арасында орнаған нәтижелі ынтымақтастықты ерекше атап өтті.
«Бірлескен жобалар, көрмелер, архивтік іздестіру бағдарламалары, ардагерлермен кездесулер мен білім беру іс-шаралары бізге қоғамдық диалог алаңын кеңейтуге, ұлттық тарихты тұтас қабылдауды қалыптастыруға және тарихи білімнің сабақтастығын нығайтуға мүмкіндік беріп отыр», - деді Берік Әбдіғалиұлы.
Конференция жұмысы келесі бағыттар бойынша ұйымдастырылды:
1. Екінші дүниежүзілік соғыс тарихы бойынша жаңа зерттеулер мен жобалар;
2. Музейлерде соғыс туралы тарихи материалдарды ұсынудың заманауи формалары: жаңа тәсілдер мен тенденциялар;
3. Жауынгер тағдыры: архивтік зерттеудің теориясы мен практикасы, далалық іздестіру жұмыстарының нәтижелері;
4. Ұлы Жеңістің тарихи жадын сақтау жастарға патриоттық тәрбие берудің маңызды факторы ретінде.
Конференция барысында ҚР Ұлттық ұлан бас қолбасшысының орынбасары, Халық қаһарманы, генерал-майор Қайрат Үмбетов, «Мемориалдық аймақ» іздестіру жасағының жетекшісі Майдан Құсайынов, ҚР ҚК Ұлттық қорғаныс унивесритетінің оқытушысы, полковник, PhD докторы Алмагүл Алдабергенова, тарих ғылымдарының кандидаты, отставкадағы полковник Манас Мағұлов, педагогика ғылымдарының кандидаты, отставкадағы полковник Асқар Қалиев, Atamnyn amanaty қоғамдық ұйымының мұрағаттық іздестірушісі Мейірхан Нұрхайдарқызы және басқалар жоғарыдағы бағыттар бағыттар бойынша баяндамалар жасады.
Әбубәкір СМАЙЫЛОВ
Atamnyn amanaty ҚБ төрағасының орынбасары