Астанада Жаңа жыл қарсаңында пиротехника айналымы қатаң бақылауға алынды
Жаңа жыл мен Рождество мерекелері кезеңінде қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында Астана қаласының аумағында ішкі істер органдары жыл сайынғы «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп жатыр. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы басшысының орынбасары Ғабит Бабаев пен Астана қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы Қару айналымын бақылау және табиғатты қорғау полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Азамат Әмен мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шара осы жылдың 5 желтоқсанында басталып, 2026 жылғы 3 қаңтарға дейін жалғасады.
Оның негізгі мақсаты – жеке және заңды тұлғалардың азаматтық пиротехникалық бұйымдардың айналымына қатысты белгіленген талаптарды сақтауын бақылау, сондай-ақ сертификатталмаған өнімдердің заңсыз саудасын анықтау және жолын кесу.
Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті Полиция департаментімен бірлесіп, осы айдың 20-сынан бастап профилактикалық рейдтік іс-шараларды өткізуде.
Іс-шаралар барысында пиротехникалық бұйымдардың айналымы саласындағы заңнама талаптарының сақталуы тексеріледі.
Ерекше назар рұқсат құжаттары жоқ сауда орындарына және бейберекет сауда жүргізілетін жерлерге аударылады.
Сонымен қатар сатылымдағы өнімдердің сәйкестік сертификаттарының болуы қатаң бақылауға алынады. Бұдан бөлек, пиротехникалық бұйымдарды пайдалану жөніндегі нұсқаулықтардың мемлекеттік және орыс тілдерінде берілуі де тексеріледі.
«Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері рұқсат құжаттарынсыз пиротехникалық бұйымдарды сату бойынша 15 деректі анықтады. Анықталған барлық фактілер бойынша кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 196-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін 241 дана пиротехникалық бұйым заңсыз айналымнан тәркіленді.
Іс-шара аясында балалардың жарақат алуын болдырмауға ерекше назар аударылуда. Осы мақсатта қаладағы 61 білім беру ұйымында пиротехникалық бұйымдарды қауіпсіз пайдалану ережелері және оларды елді мекендерде заңсыз қолданғаны үшін жауапкершілік туралы түсіндіру әңгімелері мен дәрістер өткізілді», – деді спикерлер.
Сонымен қатар, учаскелік полиция инспекторлары тұрғындар чаттары мен үй топтары арқылы азаматтарды тек сертификатталған пиротехникалық өнімді сатып алу, қауіпсіз пайдалану жөніндегі нұсқаулықтардың болуы және белгіленген талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілік туралы хабардар етуде.
Полиция петардалар, отшашулар, бенгалские огни мен хлопушкалар сияқты пиротехникалық бұйымдар – жоғары қауіптілік көздері екенін ескертеді. Оларды пайдалану ережелерін бұзу өрттің шығуына ғана емес, сондай-ақ ауыр жарақаттар мен адам өміріне тікелей қауіп төндіруі мүмкін.
Жыл сайын жаңа жыл қарсаңында пиротехниканы дұрыс пайдаланбау салдарынан зардап шеккендер санының артқаны тіркеледі. Көбінесе мұндай жағдайлардың құрбаны қауіпті толық бағалай алмайтын балалар болып жатады.
Осыған байланысты ересектерге кәмелетке толмаған балаларға пиротехникалық құралдарды өз бетінше пайдалануға қатаң түрде жол бермеу ұсынылады.
Жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында Астана қаласының Полиция департаменті мен Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды пиротехникалық бұйымдарды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Сатып алу кезінде сатушыдан өнімнің сәйкестік сертификатын талап етіп, мемлекеттік және орыс тілдерінде қауіпсіз пайдалану жөніндегі нұсқаулықтың бар екеніне көз жеткізу қажет.
Бұйымның жарамдылық мерзіміне ерекше назар аудару керек, себебі мерзімі өткен пиротехниканы қолдануға қатаң тыйым салынады. Отшашуларды іске қосу кезінде оларды қолда ұстауға болмайды, бұйымдар адамдардан, ғимараттардан және көліктерден қауіпсіз қашықтықта, тегіс жерге тік күйде орнатылуы тиіс.
Сондай-ақ, іске қосылмаған пиротехникалық бұйымдармен қандай да бір әрекеттер жасауға жол берілмейді. Аталған талаптарды сақтау мерекелік кезеңде жарақат алу мен өрт шығу қаупін едәуір азайтады.
«Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасының басты міндеті – мерекелік кезеңде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың денсаулығын сақтау.
Қарапайым ережелерді сақтау және пиротехникалық бұйымдарды пайдалануға жауапкершілікпен қарау қайғылы жағдайлардың алдын алып, елорда тұрғындары мен қонақтары үшін мерекелік көңіл күйді сақтауға мүмкіндік береді.
Бұған дейін жаңажылдық ойыншықтарды қалай таңдауға болатыны туралы жаздық.