Астанада зағиптар да референдумда өз таңдауын жасады

Астанада зағиптар да референдумда өз таңдауын жасады
Фото: Әлия Алауханова

Астана қаласы Алматы ауданындағы №52 сайлау учаскесінде дауыс беру белсенді түрде өтіп жатыр.Таңертеңнен бастап тұрғындар өз таңдауларын жасауға келіп жатыр, олардың қатарында мүмкіндігі шектеулі азаматтар да бар. Солардың бірі – зағип азамат Жүзбай Серік. Ол маңызды саяси кезеңде ел болашағына бейжай қарамай, сайлау учаскесіне арнайы келді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Қазақстанның азаматы ретінде әр адам референдумда бейжай қарамай, дауыс беруге міндетті деп есептеймін. Біздің болашағымыз жарқын болуы тиіс. Осы мақсатта мен бүгін дауыс беруге келдім. Ата заңымыз еліміздің тұғырын биіктететін құжат екені сөзсіз. Өзге елдермен терезесі тең, керегесі кең болуы үшін Ата заңды қолдаймын», — деді Жүзбай Серік.

Сайлау учаскесінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барлық қолайлы жағдай жасалған. Бұл тек олардың дауыс беруге мүмкіндігі бар екенін қамтамасыз ету үшін емес, сонымен қатар қоғамдағы теңдік пен инклюзивтілікті дәріптеу мақсатын да көздейді.

Жүзбай Серік секілді азаматтардың белсенділігі референдумның қаншалықты маңызды екенін көрсетіп, елдің әрбір мүшесі өз болашағына жауапкершілікпен қарауы қажет екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Еске салайық, бұған дейін Астана қаласының параспортшылары өз таңдауын жасағаны туралы жаздық.