Астанада студенттер құқықтық мәдениетті дамытуға бағытталған хакатонға қатысты
Астана қаласының техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында «72 сағат қауіпсіздік» құқықтық хакатоны өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Іс-шара «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылды.
Хакатонның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқықтық санасын қалыптастыру және азаматтық жауапкершілігін дамыту. Осы бағытта өткізілген іс-шара «Жоба. Команда. Нәтиже» қағидатына негізделіп, педагогикалық тұрғыдан терең мазмұнды жұмыстармен ерекшеленді.

Хакатон барысында қатысушы командалар білім беру үдерісіндегі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жобалар әзірледі. Әр командаға арнайы менторлар бекітіліп, олар қатысушыларға кәсіби бағыт-бағдар беріп, жобаларды жетілдіру барысында тәжірибелік қолдау көрсетті.
Сарапшылар алқасы жобаларды бағалау кезінде олардың өзектілігіне, жаңашылдығына, практикалық маңыздылығына және жүзеге асыру мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды.

Іс-шара қорытындысында үздік жобалар анықталып, жеңімпаз командалар марапатталды. Хакатон қатысушыларға өз идеяларын ұсынуға, командалық жұмысты дамытуға және құқықтық мәдениетті нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды алаң болды.