Астанада сотталғандарға психологиялық қолдау көрсетіледі

Бүгін, 17:15
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада сотталғандарға психологиялық қолдау көрсетіледі
Фото: freepik.com

Астана қаласы бойынша ҚАЖД қарасты мекемелердегі психологтар ерекше қажеттіліктері бар адамдармен жұмыс істейді. Олар жасаған әрекеттеріне өкініш білдіреді және жаңа өмір бастауды қалайды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Психологтар өткен қателіктерді түсінуге, өз әрекеттері үшін жауапкершілікті қабылдауға және жаңа, конструктивті мінез-құлық үлгілерін дамытуға көмектеседі.

Психологтардың жұмысы тұлғалық ресурстарды дамытуға, эмоционалдық тұрақтылықты арттыруға және позитивті өзгерістерге мотивация қалыптастыруға бағытталған. Кәсіби қолдаудың арқасында сотталғандар өз құндылықтарын қайта бағалауға, жаңа мақсаттар қоюға және әлеуметтік ортаға өзіне деген сеніммен біртіндеп интеграциялануға мүмкіндік алады.

Сондай-ақ сотталған азаматтардың бірі өзінің қателігін ешкімге қайталамауды айтып, бейне үндеу жасады.

«Менің материалдық жағдайым жақсы болды. Есірткі мен ішімдікке салынуым менің өмірімді түбегейлі өзгертті. Қарапайым адамнан осындай күйге дейін жеттім. Менің қателегімді ешкім қайталамаса екен деймін», – дейді сотталған азамат.

Бұған дейін Түркістанда дімкәс әкесін аяусыз ұрып-соққан ер адам 5 жылға сотталғанын жазған едік.