Референдум-2026

Астанада қоғамдық орындарда балағат сөз айтқандарға қандай жаза қолданылатыны түсіндірілді

Бүгін, 14:55
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада қоғамдық орындарда балағат сөз айтқандарға қандай жаза қолданылатыны түсіндірілді
Фото: Астана қаласы коммуникациялар қызметі

Қоғамдағы қарым-қатынас мәдениеті мен өзара сыйластықты сақтау – құқықтық мемлекеттің маңызды қағидаттарының бірі. Әсіресе қоғамдық орындарда, интернет кеңістігінде және бұқаралық коммуникация құралдарында сөз мәдениетін сақтау әр азаматтың жауапкершілігін талап етеді. Бұл туралы Астана қаласы коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Бауыржан Ахметкалиев айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Оның сөзінше Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабына сәйкес, қоғамдық орындарда бейәдеп сөйлеу ұсақ бұзақылық ретінде қарастырылады. Ұсақ бұзақылық жасаған тұлғаларға заңнамада көзделген тәртіппен әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылады.

«Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 2014 жылғы 19 қыркүйектегі №89 бұйрығымен бекітілген Қағидаларға сәйкес, қоғамдық орындар – халықтың пайдалануына, жаппай іс-шараларды өткізуге, азаматтарға қызмет көрсетуге және демалысын өткізуге арналған, елдімекендердің шегінде немесе олардан тыс жерлердегі ортақ пайдаланылатын орындар. Бейәдеп немесе балағат сөздер адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын, дөрекі және әдепсіз сөздер мен сөз тіркестері ретінде түсіндіріледі. Мұндай сөздерді қолдану адамдар арасында жанжалдың туындауына, бір-біріне деген құрметтің азаюына, әсіресе жастар арасында теріс мінез-құлықтың қалыптасуына ықпал етеді.

Қазіргі таңда коммуникацияның негізгі алаңдарының бірі – интернет кеңістігі. Әлеуметтік желілер, мессенджерлер және түрлі онлайн платформалар адамдардың пікір алмасуы мен ақпарат таратуының маңызды құралына айналды. Әрбір адам өз сөзі мен іс-әрекеті үшін жауапты. Сондықтан әлеуметтік желіде де әдеп нормаларын сақтау қажет. Өзгенің пікіріне құрметпен қарау, қорлайтын сөздерден аулақ болу керек. Соңғы жылдары қоғамдық орындарда ғана емес, интернет кеңістігінде де әдеп нормаларын бұзатын, оның ішінде балағат сөздерді қолдану жағдайлары жиі орыналады. Мұндай әрекеттер қоғамдағы мәдени қарым-қатынасқа кері әсер етеді», - деді ол.

Спикер қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралған істерге тоқталды.

«Сотта Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бойынша істер қаралған. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында сот өндірісіне ұсақ бұзақылыққа қатысты 2 131 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс келіп түсіп, оның 2120 іс  қаралған. 2024 жылы 2 277 іс түсіп, 2 261 іс қаралса, өткен жылы 3738 іс тіркеліп, 3720 іс бойынша шешім қабылданған. Бірінші жартыжылдықтағы көрсеткіштер өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда түскен істер саны бойынша 1461 іске, ал қаралған істер бойынша 1459 іске азайған», - деді Бауыржан Ахметкалиев.

Оның сөзінше, осы жылдың бірінші жартыжылдығында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бойынша қаралған 2 120 істің 2 063-і бойынша әкімшілік жаза қолданылды. Бұл қаралған істердің 97,3 пайызын құрайды.

«Қолданылған жазалардың ішінде әкімшілік қамаққа алу – 1037 іс (49%), әкімшілік айыппұл салу – 1021 іс (48,1%), қоғамдық жұмыстарға тарту – 5 іс (0,2%). Сонымен қатар 57 іс бойынша (2,7%) әкімшілік іс жүргізу тоқтатылды. Салыстырмалы түрде алғанда, 2025 жылы ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша 3563 іс бойынша әкімшілік жаза қолданылса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 2155 істі құрады. Келтірілген деректер қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау және азаматтардың әдеп нормаларын сақтау мәселесінің өзектілігін көрсетеді», - деп атап өтті спикер.

Еске салсақ, Астанада қоғамдық орындардағы тазалыққа қатысты рейдтер жалғасуда.