Астанада өткен хакатонның жүлдегерлері республикалық сайысқа жолдама алды

Астанада өткен хакатонның жүлдегерлері республикалық сайысқа жолдама алды
Фото: «Ауыл» партиясы

Астанада «Инновациялық. Тұрақтылық. Болашақ» атты ауқымды хакатон өтті. Іс-шара С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Ауыл» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шараны «Ауыл» партиясы, Acapedia білім беру платформасы және С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті бірлесіп ұйымдастырды. Шараның басты мақсаты – жас буынның инновациялық әлеуетін арттыру, заманауи технологияларды қолдануға ынталандыру және креативті ойлау қабілетін дамыту болды.

Интеллектуалды додаға 40-тан астам команда қатысып, жасанды интеллект, агроинновациялар, цифрландыру, ESG және тұрақты даму, қолөнер, өзін-өзі жұмыспен қамту және әйелдер кәсіпкерлігі бағытындағы жобасын ұсынды.

Қатысушылар технология, ғылым және экологияны ұштастырған жобаларын таныстырып, заманауи қалалардың өзекті мәселесіне нақты шешімдер ұсынды. Сонымен қатар, олар «ақылды» технологияларды дамыту, экологиялық бастамаларды қолдау және өмір сапасын арттыру бағытында инновациялық көзқарастарын көрсетті.

«Инновациялық. Тұрақтылық. Болашақ» атты хакатон еліміздің жиырма өңірінде өтіп жатыр, жеңімпаз командалар Астана қаласында өтетін республикалық кезеңге жолдама алады. Республикалық кезеңде үздік деп танылған командалар жобаларын ілгерілету мақсатында «Ауыл» партиясы тарапынан жүлде қоры қарастырылып отыр. Ал, Астана қаласында өткен хакатонға С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті 600 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы бөлді», делінген хабарламада.

Хакатон қорытындысы бойынша «А» және «Б» топтарының І орын иегерлері анықталып, республикалық хакатонға жолдама алды.

«А» тобы бойынша І орын – SENTRA жобасы (Бердәлі Жүнісхан, Әбду Нұрқат UBES-Астана).

«Б» тобы бойынша І орын – Qamqor AI жобасы (Әмір Сәдуақасов, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті).

Аталған хакатон Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген инновацияларды дамыту, цифрлық технологияларды енгізу және жасанды интеллектіні қолдану бағытындағы міндеттерді іске асыру аясында өткізілді.