Астанада MEGA Silk Way сауда орталығында жаңа Конституцияны қолдауға арналған концерт өтті
Елордадағы MEGA Silk Way сауда-ойын-сауық орталығында жаңа Конституцияны қолдауға арналған ауқымды концерт өтті. Іс-шараға шамамен 5 мыңға жуық адам қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Іс-шара барысында Мәжіліс депутаты, Жалпыұлттық коалиция мүшесі Жанарбек Әшімжан сөз сөйлеп, жаңа Конституцияның ел болашағы үшін маңызын атап өтті. Ол қоғамдағы саяси өзгерістер кезеңінде әр азаматтың жауапкершілігі арта түсетінін жеткізді.
«Өздеріңізге белгілі, қазақ елі үлкен саяси өзгерістерді бастан өткеріп отыр. 15 наурыз күні екінші жалпыхалықтық республикалық референдум өтеді. Заман мен қоғам, дәуір мен кезең өзгерді. Бүгінде әлемде болып жатқан түрлі геосаяси үдерістерді көріп отырсыздар. Сондықтан егемендігіміз үшін, ұлан-байтақ жеріміздің тұтастығы үшін, отбасымыз бен Отанымыз үшін, төл мәдениетіміз бен рухани тарихымыз үшін таңдау жасайтын кезең келді. Көк туымыз мәңгілік желбіреуі үшін тәуелсіз ел керек. Ал тәуелсіз ел үшін дұрыс құқықтық құжат қабылдау маңызды. Қалада болсын, далада болсын тәртіпке бағынған ел құл болмайды. Еліміздің іші даудан, сырты жаудан аман болсын! 15 наурыз күні баршамыз бір кісідей шешім қабылдап, жарқын болашаққа бірге қадам басайық», – деді Жанарбек Әшімжан.

Көрермендерге жаңа Конституция жобасының нормалары жан-жақты түсіндіріліп, саналы азаматтық ұстанымның маңыздылығы атап өтілді.
