Астанада Мәжіліс депутаттары ардагерлерге арналған госпитальге барды
Мәжіліс депутаттары, AMANAT партиясы фракциясының мүшелері елордадағы Отан соғысы ардагерлеріне арналған орталық клиникалық госпиталь ұжымымен кездесті, деп хабарлады Elordainfo.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мұнда халық қалаулылары ардагерлердің денсаулығын сақтау, егде жастағы емделушілерге көмек көрсету жүйесін дамыту және медицина қызметкерлерін қорғау мәселелерін назарға алды. Кездесу барысында депутаттар аға буын өкілдеріне медициналық көмек көрсету жүйесі қалай құрылғанын, заңнамалық деңгейде қандай шешімдер қабылданғанын және Парламент пен Үкімет қай мәселелерді назарға алуға тиіс екенін талқылады.

Мәжіліс депутаттары Павел Казанцев, Самат Нұртаза, Марат Башимов Дәулет Тұрлыханов және Сенат депутаты Геннадий Шиповских соғыс ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне және оларға теңестірілген азаматтарға ондаған жыл бойы мамандандырылған көмек көрсетіп келе жатқан бірегей медициналық мекеменің қызметімен танысты. Бүгінде соғысқа қатысқан азаматтардың саны азайып бара жатқан тұста, өмір жолы мемлекет тарихының бір бөлігіне айналған аға буынға жүйелі медициналық және әлеуметтік қолдау көрсету – ерекше мәнге ие.
Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Дәулет Тұрлыханов 2025 жыл еліміздегі тарихи сана үшін айрықша маңызы бар Жеңістің 80 жылдығы атап өтілгенін мәлімдеді. Соғыс жылдары 1,2 миллионнан астам қазақстандық, яғни республиканың әрбір төртінші тұрғыны майдан даласына аттанып, олардың жартысына жуығы үйіне оралмады.
«Жеңістің 80 жылдығы – аса маңызды мереке. Біздің әкелеріміз бен аталарымыздың ерен ерлігі абстрактілі ұғым емес, ұрпақ сабақтастығын сақтайтын адамгершілікке толы бағдар. Біздің міндетіміз – осы тарихи шындықты жадымызда сақтап қалу және оны келер ұрпаққа жеткізу», - деді ол.
Кездесуге қатысушылар егде жастағы адамдардың денсаулығын сақтау – олардың тұрмысын жақсартудың, белсенді ұзақ өмір сүрудің және қоғамның әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі саналатынын атап өтті. Медициналық көмек көрсетудің дербес бағыты ретіндегі гериатрияның рөліне, кешенді гериатриялық бағалауға, пәнаралық тәсілге және көмек көрсету деңгейлері арасындағы сабақтастықты енгізу қажет екеніне ерекше назар аударылды.
«Халықтың қартаюы жағдайында геронтология мен гериатрияны дамыту мәселелері – стратегиялық маңызға ие. Бүгінде туындаған мәселе туралы айтып қана қоймай, егде жастағы азаматтарға қолжетімді, сапалы және кешенді медициналық көмек көрсететін жүйелі заңнамалық шешімдерді қалыптастыру қажет. Халықтың қартаюы болашақ мәселесі емес, осы күннің шындығы. Қазақстандағы қариялардың тұрмысы сапасы қазір қандай шешім қабылдайтынымызға тікелей байланысты», - деді Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясы жетекшісінің орынбасары Павел Казанцев.
Госпиталь ұжымымен әңгімелесу барысында депутаттар денсаулық сақтау саласына қатысты соңғы жылдарда қабылданған негізгі шешімдер Мәжілістегі AMANAT партиясы фракциясының жүйелі заң шығару жұмысының нәтижесі екенін атап өтті. Партия бастамамен және белсенді араласуымен медицина қызметкерлерін қорғауға және азаматтарға медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігін арттыруға бағытталған нормалар әзірленді.
Мәселен, өткен сенбіде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлері мен жедел қызмет көрсету саласы мамандарына қауіп-қатер төндіріп, зорлық-зомбылық көрсеткендер үшін жауапкершілікті күшейту туралы Заңға қол қойды. Заңды AMANAT партиясы фракциясының мүшелері әзірледі. Бұл құжат дәрігерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы аса маңызды қадам болды. Сонымен қатар партияның бастамасымен 2024 жылдан бастап елімізде медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру жүйесі енгізілді. Енді медициналық қателікке қатысты төлемдер мамандардың жеке қаражатынан емес, сақтандыру тетіктері есебінен жүзеге асырылады.
Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Марат Башимов атап өткендей, партия денсаулық сақтау жүйесіндегі тұрақтылықтың құқықтық негізін құрып жатыр.
«Дәрігердің қауіпсіздігі – мемлекеттің басымдығы. Осы шешімдердің барлығы – партиямыздың жүйелі жұмысының нәтижесі. Біз дәрігердің заңмен қорғалуын, пациенттің қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз етілуін және өмірлік маңызы дәрі-дәрмектер бағасының өспеуін қамтамасыз етуге ұмтылдық. Биыл жаңа Салық кодексі күшіне енді. Оған AMANAT партиясының ұсынысы бойынша тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық қызметтер мен дәрілік заттарды ҚҚС-тан толық босату туралы нормалар енгізілді», – деді ол.
Бүгінде госпитальда 114 төсек-орын бар, оған екі соматикалық және оңалту бөлімшелері, күндізгі стационар, сондай-ақ, 21 мамандық бойынша дәрігерлер қабылдайтын консультативтік-диагностикалық орталық кіреді. Мекеме штатында 180 қызметкер бар. Олардың арасында геронтология және гериатрия бойынша дайындалған мамандар еңбек етеді.
«Біз қолданыстағы клиникалық стандарттарға, госпиталь фармациясы жүйесіне және жеке зертханалық базамызға сүйене отырып, егде жастағы пациенттерді медициналық оңалту және сүйемелдеу бағыттарын дәйекті түрде дамытамыз. Біз үшін емдеу ғана емес, пациенттеріміздің жас ерекшеліктерін ескере отырып, кешенді медициналық тәсілді қамтамасыз ету өте маңызды. Мұнда жыл сайын 5 мыңға жуық пациентке медициналық көмек көрсетіледі», - деді госпиталь директоры Динара Оразалина.
Кездесу барысында AMANAT партиясы аға буын өкілдеріне қолдау көрсету бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқаны айтылды. Атап айтқанда, Астанада «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында қарияларды белсенді қоғамдық өмірге тартуға, атаулы көмек пен медициналық қолдау көрсетуге бағытталған әлеуметтік және медициналық бастамалар тұрақты негізде жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, 5 аудандық Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында 2000-нан астам зейнеткерге арналған 73 бірлескен іс-шара өткізілді. Жалғыз тұрып жатқан қарияларға арналған 291 қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Бұған қоса 73 зейнеткер көшпелі медициналық консультациямен қамтылды.
Аурухананы тексеруден бөлек, депутаттар медицина қызметкерлерінің барлық сұрағына жауап беріп, түйткілді мәселелер туралы ашық әңгімелесті. Барлық мәселені депутаттар өз бақылауына алды. Олар бейінді министрліктермен бірлесіп пысықталады.
Айта кетейік, AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Астана қаласында 2027 жылға дейін дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлеріне арналған екі жатақхана салу, 100 орындық тұрғын үй салу және өзге де игі істерді қолға алу жоспарлануда.