Астанада Мәскеу күндері аясында дзюдодан жолдастық кездесу өтті

Астанада Мәскеу күндері аясында дзюдодан жолдастық кездесу өтті
Фото: Оңалхан Өнерхан

Бүгін, 21 желтоқсан күні Назарбаев университетінде Астана мен Мәскеу қалаларының жас дзюдошылары арасында жолдастық кездесу өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қос астана арасындағы 25 жылдық ынтымақтастық аясында алғаш рет спорттық бағдарлама енгізіліп, дзюдодан халықаралық деңгейдегі кездесу ұйымдастырылды.

«Мәскеуден келген жас спортшыларымыз Ресей чемпионаттарында тұрақты түрде жүлделі орындардан көрініп жүр. Дегенмен олар үшін бұл -  халықаралық деңгейдегі алғашқы белдесу. Мұндай тәжірибе олардың спорттық дамуына оң әсер етеді деп сенемін», — деді Мәскеу қаласы делегациясының мүшесі Ольга Жилина.


Сайыс барысында жасөспірім спортшылар 52, 55, 57 және +90 келі салмақ дәрежелерінде белдесті. Жарыста әр астанадан 2 ұл және 2 қыз өнер көрсетті.

«Қос астананың арасындағы дзюдо сайысы өтетіні туралы бір апта бұрын білдім. Сол уақыттан бері тыңғылықты дайындалдық. Ресей спортшыларының партерде мықты екенін ескеріп, сол әдістерге түсіп қалмауға баса назар аудардық. Жоспарымыз жүзеге асты, қарсыласымды жеңдім. Өзім үшін бұл — шетелдік дзюдошымен алғашқы белдесу. Ерекше әсер қалдырды. Алдағы уақытта мұндай жарыстар жиі ұйымдастырылса, қатысуға дайынмын», — деді 55 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Сұлтан Болатбек.


Тартысты өткен жолдастық кездесуде Астана қаласының командасы 3:1 есебімен жеңіске жетті.

«Сіздердің қалаларыңызға алғаш рет келіп тұрмын. Бұрын көп естігеніммен, көзбен көру мүлде бөлек әсер қалдырды. Кешеден бері Астананың көрікті жерлерімен танысып жүрмін. Алғашқы шетелдік сапар әрдайым есте қалады. Ал сайыс мен үшін сәтті өтті, бұл спорттық мансабыма оң ықпал етеді деп ойлаймын. Жалпы алғанда, қазақ дзюдошысымен екінші рет белдестім», — деді 57 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Анастасия Транковская.


Айта кетейік, Астана мен Мәскеу қалалары арасындағы іс-шаралар 22 желтоқсанға дейін жалғасады.

Еске салайық, бұдан бұрын Астана қаласының киокушинкай каратэ бойынша біріншілігі өткенін хабарладық.