Астанада конституциялық құндылықтарды насихаттау форумы өтті
Елордадағы «Tanym» көпфункционалды кешенінде «AMANAT» партиясының Астана қалалық филиалының және Білім басқармасының қолдауымен «Білім беру мекемелерінде конституциялық құндылықтарды қалыптастыру және ілгерілету» тақырыбында форум өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Іс-шараға Сенат және Мәжіліс депутаттары, қоғам белсенділері, білім саласының өкілдері мен студенттер қатысты.

Жиында алғашқы болып сөз алған Сенат депутаты Амангелді Есбай бала санасындағы конституциялық құқықтың қалыптасуы жөнінде айтты.

«Еркіндік адамға таңдау жасау құқығын қамтамасыз ететін маңызды әрі іргелі құндылықтардың бірі саналады. Еркіндік адамның жеке дамуына кең мүмкіндік береді. Алайда кез келген еркіндік жауапкершілікпен толықтырылғанда ғана өзінің шынайы мәнінде болады және қоғам үшін пайдалы сипат алады. Егер бала өз іс-әрекетінің салдарын түсінбесе, онда еркіндік шектен шығуға да әкелуі мүмкін. Сондықтан бала өз әрекеттерінің нәтижесін түсініп, оның салдарына жауап беруді үйренгенде ғана еркіндікке саналы түрде әрі жауапкершілікпен қарай бастайды. Сол себепті құқықтық білім беру барысында баланың жас ерекшелігін ескеру – ең басты талаптардың бірі. Құқықтық тәрбие ең алдымег отбасынан басталады. Өйткені бала алғашқы әлеуметтік тәжірибесін дәл осы ортада алады. Отбасы – баланың тұлғалық қалыптасуындағы ең маңызды институттардың бірі. Ата-ананың тәртібі, мінез-құлқы және сөздерінде бірізділік болуы бала үшін басты үлгі. Егер ата-ана өз іс-әрекеті арқылы жауапкершілік пен тәртіпті көрсетсе, бала да соны қайталайды. Үйдегі ережелер мен ортақ жауапкершілік балада тәртіптік сезімін қалыптастырып қана қоймай, оның өзіндік жауапкершілік деңгейін арттырады. Оған қоса мектептің де осы мәселеде зор маңызы бар. Өйткені қазақта «тәрбие тал бесіктен» дегендей, тәіртіп мектеп табалдырығынан басталады. Сондықтан мектеп балаларға білім беріп қана қоймай, қоғамдық ортаға бейімделуге үйретеді», - деді Амангелді Есбай.
Ал Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жаңа Конституцияда адами капиталға басты басымдық берілгенін, сонымен қатар білім мен ғылымды, инновацияны ілгерілету жағы да заңмен бекітілгенін атап өтті.

«Жаңа Конституцияда білім, ғылым, мәдениет, инновация мемлекеттік дамудың бағдары ретінде бекітіледі. Бұл дегеніміз білім саласы алғаш рет тек әлеуметтік міндет емес, сонымен қатар еліміздің басым бағыты ретінде айқындалады. Яғни болашақта біз еліміздің жетістігін пайдалы қазбалармен емес, адами капиталдың жетістігімен өлшейтін боламыз деген сөз», - деді Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар өз кезегінде.

«AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек жастарға білім беру ісінде қалтқысыз қызмет етіп жүрген ұлағатты ұстаздарға алғысын білдірді.
«Еліміздің ертеңін айқындаған тарихи бетбұрыс жасадық. Біз биыл осы реформа арқылы ел болашағын айқындайтын стратегиялық құжатын бекіттік. Яғни бұл құжаттың маңызды қадамы – білім, ғылым, инновация айқын көрініс тапты. Конституция мемлекеттің құқықтық негізі ғана емес, ол азаматтық сананы қалыптастыратын басты құндылықтар жүйесі. Сондықтан конституциялық мәдениет ең алдымен білім беру кеңістігінде қалыптасуы тиіс. Әрине, референдум тәжірибесі жастар үшін ерекше саяси мектепке айналды. Жас буын тек бақылаушы емес, ел болашағына әсер ететін шешімдердің қатысушысы екенін сезінді деп ойлаймыз», - деді Мұхаммед Болысбек.

Ал қоғам белсендісі, кәсіпкер Тәңірберген-Даулет Дулатұлы Конституциялық құндылықтар тек қағаздағы заң емес, бұл әрбір азаматтың жауапкершілігі мен отаншылдық рухы екенін атап өтті.
«Әлемдік геосаяси жағдай ушығып тұрған уақытта Мемлекет басшысы білім мен дипломатияның, яғни парасатты саясаттың үлгілі ынтымақты әрі бітімгерлік жолымен еліміздің тұрақтылығын сақтап отыр. Ал Конституциямызға енгізілген соңғы реформалар – бұл қарапайым халықтың, әсіресе, сіздердің, яғни жастардың болашағын қорғайтын данышпандық шешім. Конституциялық құндылықтар тек қағаздағы заң емес, бұл – әрбір азаматтың жауапкершілігі мен отаншылдық рухы. Біз – ұлттық мүддені бизнеспен, білімді тәжірибемен ұштастыра отырып, Қазақстанды әлемдік деңгейдегі жасампаз мемлекетке айналдыруымыз керек», - деді Тәңірберген-Даулет Дулатұлы.

Бұдан бұрын жоғары оқу орындарында жаңа Конституцияның құндылықтарын іске асыру жұмысы жүргізіліп жатқанын жазған едік.