Астанада «Келешек мектептері» арасында футзалдан республикалық турнир өтеді

Бүгін, 17:15
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада «Келешек мектептері» арасында футзалдан республикалық турнир өтеді
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

14-18 сәуір аралығында «Келешек мектептері» оқушылары арасында футзалдан республикалық жарыс өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Турнирдің мақсаты – мектеп спортының дамуына серпін беру, оқушылар арасында футзалды насихаттау, сондай-ақ спорттық-тәрбиелік жұмыстың сапасын арттыру. Сонымен қатар мектепаралық жарыстарды ұйымдастырудың тиімді моделін қалыптастыру көзделген.

Жарысқа еліміздің 20 өңірінен 7-8-сынып оқушыларынан құралған командалар қатысады. Турнир ойындары Астанадағы «Келешек мектептері» базасында және Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайында өтеді.

Бағдарламаға сәйкес, 14 сәуірде турнирдің ресми ашылу салтанаты ұйымдастырылады. Сондай-ақ қатысушылардың шеруі мен шоу-матч өткізу жоспарланған. Кейінгі күндері іріктеу кезеңінің ойындары, ширек финал және жартылай финал кездесулері өтеді.

Финалдық ойын 17 сәуірге жоспарланған. Сол күні жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі өтеді. Айта кетейік, турнир мектептерде бұқаралық спортты дамытуға және оқушылардың дене белсенділігін арттыруға бағытталған.

Еске сала кетейік, мектептерде оқушылардың кітап оқуын қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар басталды.