25.11.2025
RU
Мәзір

Colman Domingo and Jude Law at amfAR’s Venice Gala

Астанада кәсіптік білім беру тақырыбында дөңгелек үстел өтті

|
Photo: Оңалхан Өнерхан
Colman Domingo and Jude Law at amfAR’s Venice Gala

Астанада кәсіптік білім беру тақырыбында дөңгелек үстел өтті

|
Photo: Оңалхан Өнерхан

Астанада қалалық Тексеру комиссиясының аудиторлық іс-шараларының қорытындысы бойынша «Астана қаласының техникалық және кәсіптік білім беру саласында бюджеттік бағдарламаларды іске асырудың және мемлекет активтерін пайдаланудың тиімділігін талдау» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Шараға мәслихат депутаттары, білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев, мемлекеттік колледждердің басшылары мен Тексеру комиссиясының қызметкерлері қатысты.

Тексеру комиссиясының төрағасы Иманжүсіп Ақпомбаев техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің басым міндеттерін атап өтті.

«Кәсіптік білім беру жүйесінің басым міндеттері қатарына мамандарды даярлау сапасын арттыру, жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды нығайту, дуальды оқытуды дамыту және кадр резервін қалыптастыру жатады. Сондай-ақ Қазақстанда 2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Осы ретте бюджеттің кәсіптік білім беру саласына жасап жатқан инвестициясының нәтижелілігіне баса назар аударуымыз керек. Білім берудегі көрсеткіштер мен білім беру бағдарламалары арасындағы сабақтастық - өзекті мәселенің бірі болып отыр», - деді ол.

Тексеру комиссиясының мүшесі Сәбит Мұқанов өз баяндамасында талқылаудың негізгі тақырыбы — бюджеттік бағдарламаларды іске асырудың тиімділігі және техникалық және кәсіптік білім беру саласында мемлекеттік активтерді оңтайлы пайдалану екенін айтты.

«Астана қаласында ТжКБ мекемелерін бітірушілер саны тұрақты өсім көрсетіп отыр: соңғы төрт жылда олардың саны 3 548 адамға артты, бұл көрсеткіш 54,8%-ға ұлғайғанын көрсетеді. Алайда бітірушілер санының өсуі жұмыспен қамту деңгейінің пропорционалды өсуімен қатар жүруі маңызды: мамандық бойынша жұмысқа орналасу көрсеткішін одан әрі арттыру қажет», - деді Мұқанов.

Бұл ретте Білім басқармасы мен ТжКБ ұйымдары жоғары оқу орындарына түскендерді, әскерге шақырылғандарды ескере отырып, түлектердің жұмыспен қамтылуының орташа көрсеткішін 65,8% деп белгілеп отыр.

Дөңгелек үстелде мәслихат депутаттары еңбек нарығының нақты сұраныстарын ескерместен мемлекеттік білім беру тапсырысын орындау бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға, экономика салаларының дамуын тежеуге және әлеуетті мамандардың білім алған кәсібімен байланысты емес жұмыспен қамтудың балама түрлерін іздеуге алып келуі мәселесін көтерді. 

Ал Білім басқармасы басшысы Қасымхан Сенғазыев осы саладағы мәселелерге баса назар аударылып отырғанын айтты.

«Жалпы кәсіптік білім беру - елдің экономикасы дамыған сайын көңіл аудара түсетін саланың бірі. Расында да, кейбір кезде мектептерге көңіл бөлеміз деп, кәсіптік және техникалық білім беру назарымыздан кенже қалып қояды. Биыл Мемлекет басшысы Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланғаннан кейін, біраз мәселе оң шешімін тауып жатыр. Астанада 32 колледж жұмыс істейді, оның ішінде 9 мемлекеттік және 23 жекеменшік колледж бар, онда 38 062 студент оқиды, оның 68%-ы мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейді», - деді Қасымхан Сенғазыев.

Сондай-ақ дөңгелек үстелде студенттерді жатақханалардағы орындармен қамтамасыз ету мәселелері көтерілді. Бүгінгі таңда қаланың 16 колледжінде (5 мемлекеттік және 11 жеке меншік) 18 жатақхана жұмыс істейді, онда 2025-2026 оқу жылында 2 130 студент тұрады. Қалада жаңа нысандардың құрылысы жалғасып жатыр.

Тексеру комиссиясы бірнеше ұсыныс жасады:

​- Білім басқармасы тарапынан бақылауды күшейту;

​- бюджеттік процестердің ашықтығын арттыру;

​- колледж инфрақұрылымын жаңғырту;

​- кадрларды даярлау сапасын арттыру және бизнеспен өзара іс-қимыл жасау;

​- еңбек нарығын ескере отырып, білім беру бағдарламаларын жаңарту.

Дөңгелек үстел материалдары мәслихатқа одан әрі ұсыныстар мен Астананың техникалық және кәсіптік білімін жүйелі жаңарту жөніндегі шараларды әзірлеу үшін негіз болады.

Ұқсас жаңалықтар

Барлығы ↗