Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында жас биші, халықаралық байқаулардың лауреаты, аты аңызға айналған «Гүлдер» ансамблінің әртісі Аққанат Смағұлованың жеке шығармашылық кеші өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Концерттің басты тақырыбы – еркіндік пен шабыттың символы, әртістің есімімен үндес құс бейнесі болды. Кеш барысында көрермен назарына отандық балетмейстерлердің сахналауымен дайындалған жеке әрі топтық хореографиялық туындылар көрермен назарына ұсынылды. Атап айтқанда, «Аққу», «Ұмай», «Қарлығаш», «Қараторғай», «Дайрабай», «Алтыныма», «Тұмарым», «Жер ана» және т.б. билер орындалды.
Іс-шараға танымал өнер жұлдыздары қатысты: Раушан Оразбаева, Мақсат Медеубек, Әли Оқапов, Мәди Рымбаев, Алибек Альмадиев, Айзат Қарабек, Бауыржан Бекмұханбет, Әйгерім Елемес, Меруерт Бахыт, сондай-ақ, SAMGA квартеті және «Гүлдер» ансамблі.

Бұл концертте Аққанат Смағұлова тұңғыш рет бұрын-соңды көрсетілмеген жаңа бағдарламасын ұсынды.
Идея авторы, бас балетмейстер – Анвара Садықова, «Гүлдер» ансамблінің көркемдік жетекшісі – Абзал Өсімбаев, режиссері – Думан Әкім.