Астанада «Есірткісіз өмір – жарқын болашақ» онкүндігі қорытындыланды

Бүгін, 15:02
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада «Есірткісіз өмір – жарқын болашақ» онкүндігі қорытындыланды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астана қаласындағы №84 мектеп-лицейде «Есірткісіз өмір – жарқын болашақ» атты есірткіге қарсы онкүндіктің салтанатты жабылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Шараға Астана қаласы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының өкілдері мен мектеп оқушылары қатысты. Аталған басқарманың жедел уәкілі, полиция капитаны Жандос Сейтеновтің айтуынша, бұл іс-шара «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылды.

«Бұл онкүндік оқушылар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, зиянды әдеттерден аулақ болуға шақыру мақсатында өткізілді. Сондай-ақ, жастар арасында есірткінің қоғам дерті екенін түсіндіруге бағытталған. Осыған орай, ұйымдастырушылар елорда жастарын есірткіге қарсы теріс көзқарас қалыптастыруға, спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырады. Жалпы, «Астана – есірткісіз қала» жобасы аясында мектеп оқушылары апта сайын есірткіге қарсы түрлі іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Олардың қатарында спорт жарыстары мен тәрбиелік мәні бар қойылымдар бар. Бүгінгі ұсынылған сахналық қойылым да есірткіге қарсы бағытталған тақырыпты қамтиды», – деді ол.

Іс-шара барысында онкүндік қорытындыланып, мектеп оқушылары дайындаған «Таңдау» атты тәрбиелік мәні зор спектакль көпшілік назарына ұсынылды.

Шараны ұйымдастырушы, №84 мектеп-лицейінің президенті, «Esirtkisiz Elorda» байқауының жеңімпазы, 11-сынып оқушысы Әділхан Темірханов жобаны алдымен пилоттық форматта өз мектебінде жүзеге асырып, кейін басқа мектептерге таратуды мақсат еткен.

«Есірткісіз өмір – жарқын болашақ» атты онкүндікке мектептегі барлық белсенді оқушылар қатысты. Біз ол арқылы жастар арасында алдын алу жұмысын күшейтіп, оқушыларға есірткінің ешқандай пайда әкелмейтінін түсіндіргіміз келді. Одан бөлек бізде басқа да апталықтар ұйымдастырылып тұрады. Мысалы, спорт апталығы, сахналық қойылымдар апталығы, сондай-ақ TikTok пен Instagram желілеріне арналған шығармашылық апталықтар. Осылайша, бұл бастама мектептегі барлық оқушыны, оның ішінде спортқа жақын және әлеуметтік желіде белсенді жастарды қамтуға бағытталған. Бүгінгі қойылымда жеңіл табыс табуды көздеген жасөспірімнің тағдыры көрсетіледі. Ол курьерлік «жылдам ақша» туралы жарнаманы көріп, сол жұмысты істемек болады, алайда, бұл таңдаудың соңы жақсылыққа әкелмейтіні айтылады», - деді ол.

Іс-шара соңында онкүндік аясында ұйымдастырылған байқаулар мен іс-шараларда белсенділік танытып, үздік нәтиже көрсеткен оқушылар марапатталды.

Еске салсақ, елордада кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы дәріс өтті.