Астанада депутаттар студенттерге жаңа Конституция жобасының ерекшелігін түсіндірді

Бүгін, 10:01
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада депутаттар студенттерге жаңа Конституция жобасының ерекшелігін түсіндірді
Фото: ҚазАТЗУ

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде Respublica партиясынан Мәжіліс депутаттары Айтуар Қошмамбетов пен Екатерина Смолякова студенттермен кездесіп, жаңартылған Конституция олардың күнделікті өміріне қалай әсер ететінін түсіндірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Айтуар Қошмамбетов негізгі новеллаларға тоқталды: бірпалаталы Парламентке көшу, Халық кеңесін құру және билік тармақтары арасындағы тепе-теңдіктің өзгеруі. Ол цифрлық құқықтарды қорғау мәселесіне ерекше назар аударды.

«Конституцияда жеке деректерді қорғау және оларды таратқаны үшін жауапкершілік тікелей бекітіледі. Бұл – сіздердің онлайн ортадағы қауіпсіздіктеріңіз», – деп түсіндірді депутат.

Сондай-ақ ол студенттерді реформаларды талқылаудан шет қалмай, белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырды.

Екатерина Смолякова өз сөзінде жаңа Конституцияның өзегінде адам тұрғанын атап өтті.

«Оның басты мәні – әр азаматтың құқықтарын, бостандықтарын және қадір-қасиетін кепілдендіру», – деді ол.

Сөз бостандығына арналған бапты жан-жақты талдай отырып, Смолякова сын мен өзге адамдардың құқықтарын бұзудың ара-жігін түсіндірді. Сонымен қатар Негізгі заңда табиғатты сақтау жөніндегі экологиялық қағидаттардың алғаш рет бекітілетінін айтып өтті. Бұл болашақ аграрлық сала мамандары үшін айрықша маңызды.

Кездесу барысында студенттер әлеуметтік желілердегі сөз бостандығының шегі, репост үшін жауапкершілік және жаңа нормалардың аграрлық салаға ықпалы туралы сауалдар қойды. Депутаттар әр сұраққа ресмилікке салынбай, нақты әрі түсінікті жауап беріп, баптардың іс жүзіндегі қолданылуына басымдық берді.

Проректор Жазира Жазықбаева модератор болған бұл кездесу еркін әрі ашық диалог форматында өтті. Мұндай әңгіме билік пен жастар арасындағы тікелей байланыстың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Өйткені елдің ертеңі – жаңа конституциялық қағидаттарға сүйеніп, Қазақстанның болашағын қалыптастыратын осы жас буынның қолында.