Астанада бұрынғы сүйіктісін мазалаған ер адам сотталды

Бүгін, 17:21
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада бұрынғы сүйіктісін мазалаған ер адам сотталды
Фото: freepik.com

Елордада бұрынғы сүйіктісін бірнеше ай бойы қудалаған ер адам заң алдында жауапқа тартылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Сот материалдарына сәйкес, 2025 жылдың қыркүйегінен 2026 жылдың ақпанына дейін сотталушы жәбірленушіге 150-ден астам рет қоңырау шалып, балағат сөздер мазмұндағы мазасыз хабарламалар жіберіп отырған. 

Кейін ер адам жәбірленушінің жұмыс орнына — сұлулық салонына келіп, жанжал шығарып, мүлікке зиян келтірген. Сондай-ақ ол жәбірленушіге және оның отбасы мүшелеріне қатысты қорқыту сөздерін айтқан. Осы жағдайлардың салдарынан жәбірленуші үнемі қорқыныш жағдайында өмір сүрген.

«Сот үкімімен кінәлі адамға 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, оған жәбірленушіні іздеуге, қудалауға және кез келген байланыс орнатуға тыйым салатын ерекше талаптар белгіленді», делінеді хабарламада.

Одан бөлек сот сотталушыдан 392 мың теңге материалдық шығын және 150 мың теңге моральдық зиян өндіру туралы шешім шығарды.

Еске салайық, Атырауда полицияға күш қолданғандар жауапқа тартылды.