Астанада бір күнде үш жанжал шығарған ер адам қамауға алынды
Елордада қоғамдық тәртіпті бұзған ер адам қамауға алынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының полиция департаментіне сілтеме жасап.
Астана полициясына 47 жастағы ер адамның үстінен бір күнде үш рет шағым түскен. Алғашқы оқиға қалалық автобуста болған.
Мас күйінде болған ер адам балағат сөздер айтып, жолаушы әйелмен жанжалдасқан. Қала тұрғыны полицияға жүгінген.
Автобустан түскен соң аялдамада тағы бір әйелмен сөзге келіп, оған да әдепсіз сөздер айтқан.
Кейінірек ер адам велосипедшімен жанжалдасып, оның велосипедін лақтырып жіберген. Осы оқиғадан кейін велосипедші де полицияға арызданған.
Полиция қызметкерлері құқық бұзушының жеке басын анықтап, оны ұстады.
«Ол екі рет ұсақ бұзақылық жасағаны және қоғамдық орында мас күйінде жүргені үшін сот шешімімен 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды», деп хабарлады полицияда.
Еске салсақ, Астанада көлік нөмірін камерадан жасырмақ болған жүргізуші ұсталды.