Астанада Ата заңның жаңартылған жобасы талқыланды

Бүгін, 12:06
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада Ата заңның жаңартылған жобасы талқыланды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астана қаласындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Қазақстан Конституциясының жаңартылған жобасын талқылауға арналған жиын өтті. Маңызды басқосуға орталық ұжымы түгелдей қатысып, ел болашағына тікелей әсер ететін құжат төңірегінде ой бөлісті, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жиынды орталық директоры Серік Қарабатыров ашып, Конституция мемлекеттің құқықтық негізі ғана емес, қоғам дамуының басты бағдары екенін атап өтті. Ол Ата заңға енгізілетін өзгерістер әрбір азамат үшін маңызды екенін айтып, жиынның мән-маңызына тоқталды.

Перспективті даму және әлеуметтік жобалар бөлімінің қызметкері Дәрия Әлиқызы ұжым мүшелеріне Конституцияның жаңа жобасындағы негізгі өзгерістерді жан-жақты түсіндірді.

«Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Ата заңының жобасын жариялады. Жаңа мәтіннің басты идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация алдыңғы орынға шығарылды. Сонымен қатар Конституцияның логикасы мен философиясы түбегейлі жаңартылған» – деп атап өтті Дәрия Әлиқызы.

Іс-шара ашық, әрі екіжақты диалог форматында өтіп, қатысушылар өздерін қызықтырған сауалдарға толыққанды жауап алды.

Кездесу соңында ұжым мүшелері Конституция жобасына қатысты пікірлерін ортаға салып, ел болашағына бейжай қарамайтындықтарын, қоғам өміріндегі маңызды өзгерістерге белсенді азаматтық ұстаным танытатынын білдірді.

Бұған дейін Көлік министрлігінде жаңа Конституция жобасындағы өзгерістер талқыланған болатын.