Астанада ардагерлер арасында волейболдан жарыс өтті
Астанада Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 37 жыл толуына орай ардагерлер арасында волейбол жарысы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Астана қаласының «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған турнир Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Астана қаласының спортты дамыту дирекциясының қолдауымен өткізілді.

«Ұлытау» спорт кешенінде өткен жарыста елордадағы ардагерлер ұйымдарының әуесқой спортшылары қатысты. Күні бойы өткен тартысты әрі қызықты ойындардың нәтижесінде ішкі істер органдарының ардагер қызметкерлерінен құралған «Динамо» командасы мен «Астана қаласының Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» командасы финалға шығып, бірінші орын үшін таласты.

Бас жүлде үшін өткен шешуші ойында Ауған соғысына қатысқан жауынгер-интернационалистер ұжымы 2:1 есебімен жеңіске жетіп, жарыстың жеңімпазы атанды. Ал «Динамо» волейболшылары күміс жүлдеге ие болды. Үшінші орын үшін болған ойында Қосшы қаласынан келген «Сенім» командасы Астана қаласының «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» мекемесінің атынан сынға түскен «Сарыарқа» командасымен кездесті. Бұл бәсекеде Қосшы қаласының ардагерлері жеңіске жетіп, жарыстың қола жүлдегері атанды.

Жарыс барысында «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» мекемесі атынан жарысқа қатысқан барлық командаларға Алғыс хат табысталды. Ал жарыс жеңімпазы мен жүлдегерлерге, сондай-ақ үздік ойыншыларға кубоктар, медальдар, дипломдар тапсырылды.
Астана қаласының «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» ҚБ төрағасы Ерболат Әшімов:
«Биыл 15 ақпанда Ауғанстаннан Кеңес әскерінің шығарылғанына 37 жыл толады. Бұл елдегі соғысқа біздің елімізден 22 мыңнан астам адам қатысқан еді. Олардың ішінен бір мыңға жуық адам қаза тапса, үш мыңнан астам адам мүгедек болып оралды. Бүгінгі өткізіп отырған жарысымыз сол соғыстың құрбандарын еске түсіруге, сондай-ақ ардагерлер арасындағы рухани байланысты нығайтуға, жастарға отансүйгіштік қасиетті дарытуға бағытталып отыр.
Жарыс өте тартысты өтті, ең бастысы, ардагерлер дене шынықтырып қана қоймай, бір-бірімен араласып, көңілдері көтеріліп қайтты».