Астанада «AMANAT» партиясының Есіл аудандық филиалында Әйелдер қанаты құрылды

Астанада «AMANAT» партиясының Есіл аудандық филиалында Әйелдер қанаты құрылды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астана қаласында «AMANAT» партиясының Есіл аудандық филиалында Қазақстандағы әйелдер көшбасшылығын арттыру, гендерлік теңдікті ілгерілету және әйелдердің қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуын қолдау мақсатында Әйелдер қанатының ресми ашылуы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің сайтыне сілтеме жасап.

Әйелдер қанаты – партия эгидалығымен жұмыс істейтін қоғамдық-саяси бастама. Оның негізгі мақсаты – әйелдердің әлеуетін арттыру, олардың басқару, бизнес, ғылым, креативті индустрия және әлеуметтік саладағы рөлін күшейту, сондай-ақ қоғамдық маңызды бастамаларды қолдау.

Іс-шараға «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының төрағасы Шолпан Каринова, қоғам және бизнес өкілдері, медиа саласының мамандары, жоғары оқу орындарының өкілдері, денсаулық сақтау саласының басшылары мен белсенді блогерлер қатысты. Шолпан Каринова Әйелдер қанатының стратегиялық маңызына тоқталды.

«Әйел – отбасының ғана емес, қоғамның да тірегі. Бүгін біз әйелдердің саяси, әлеуметтік және экономикалық процестерге толыққанды қатысуына жаңа серпін беретін алаң қалыптастырып отырмыз. Әйелдер қанаты – нақты жобалар арқылы әйелдердің мүмкіндігін кеңейтетін, көшбасшылық әлеуетін ашатын пәрменді тетікке айналады», – деді ол.

Іс-шара барысында ҚР Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова кеңес төрағасы болып бекітілді. Оның кәсіби тәжірибесі мен ғылыми бағыты заманауи технологиялар мен креативті экономиканы дамыту арқылы әйелдердің жаңа мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталмақ.

«Гендерлік теңдік – жай ұран емес, ол – тұрақты дамудың негізі. Әйелдердің шешім қабылдау деңгейіндегі үлесі артқан сайын қоғам да, экономика да ұтады. Біздің міндетіміз – әйелдердің бастамаларын қолдап, оларды қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді тарту. Әйелдер қанаты осы бағыттағы жүйелі жұмыстың тиімді алаңы болады», – деді «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалы Әйелдер қанатының төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Салтанат Женалаева.

Жаңа құрылған Әйелдер қанаты алдағы уақытта білім беру бағдарламаларын, көшбасшылық тренингтерін, қоғамдық талқылаулар мен әлеуметтік жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр.