Астанада алдағы демалыста бұқаралық шаңғы жарысы өтеді
Астанада 24 қаңтар күні бұқаралық шаңғы жарысы ұйымдастырылады, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жарыс сағат 10:00-де Орталық саябақтағы шаңғыроллер жолында басталады.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, іс-шара аясында спорттың 4 түрі бойынша жарыстар өтеді. Атап айтқанда: қол күресі, гір тасын көтеру, арқан тартыс және белбеу күресі.
«Бұл жарыс дәстүрлі спорттық шараға айналды. Негізгі бәсеке – шаңғы жарысы. Ол 16 жас ерекшелік санаты бойынша қыздар мен ұлдар арасында өткізіледі.
Қашықтықтар 500 метрден бастап 1 және 2,5 шақырымға дейін белгіленген. Қатысушыларды тіркеу сағат 10:00-де басталып, жалпы старт 11:00-де беріледі.
Барлық жарыстарға қатысу тегін.
Барша тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырамыз», – деді қалалық Спорттық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай.
Аталған іс-шара Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық Спорттық іс-шараларды өткізу дирекциясының ұйымдастыруымен өтеді.
Бұған дейін қазақстандық биатлоншылар төрт Олимпиада лицензиясына ие болғанын жаздық.